– Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған халқым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлеңді өлтіре алмас, алайда ешкім, – деп «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтара» білген ақиық ақынның туғанына биыл – 95 жыл. 6 ақпан күні осы датаға орай №26 қазақ мектебінде «Жырлайды жүрек» деп аталған әдеби-танымдық кеш өтті. Аталмыш мазмұнды шараны білім ошағы мен «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырып, оған қаламыздағы қазақ мектептерінің оқушылары қатысты.
Сахна шымылдығы мектептің оқушыларынан құралған «Атамекен» домбырашылар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түріліп, жиналған қауым экраннан Мұқағали ақынның «Есіңе мені алғайсың» өлеңін оқыған дауысын естіп терең ойға шомды. Содан соң бала Мұқағали мен анасының арасындағы диалогке құрылған сахналық көрініс көрсетіліп, кеш қонақтары ұлағатты ұстаздар Жеңіс Мейірман мен Алма Бектенқызы Мұқағали ақын поэзиясы жайлы пікір білдіріп, мектеп шәкірттері ақын өлеңдерін нақыштап оқып, Шерхан Едіге домбырада «Сәби болғым келеді» әнін әсерлі етіп орындады. Осыдан соң сахнаға қаламыздағы қазақ мектептерінің шәкірттері шақырылды. №2 мектептен Балауса Алдан «Үш бақытым», Илияс Қайырденов «Ей, өмір», №11 мектептен Әлихан Қасымханов «Шәмілге жазған хаттардан», Ақниет Кенжебекова «Өмір жайлы», №18 мектептен Нұрбол Білімхан «Отан туралы», Әмина Базарғали «Өзіммен өзім», №36 мектеп-лицейден Аяулым Темірбай «Өз өзіңді жақсы көрші», қазақ қыздары гимназиясынан Зере Елубай «Отыз бес», №22 мектеп-гимназиядан Іңкар Серікбаева «Ғашықпын», «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінен Кәусар Нүптеке «Пай, пай, өмір!», Батырхан Сушин «Мен таулықпын» өлеңдерін оқып, Мұқағали ақын жырларының құдіретін тыңдаушыға жеткізе білді.
Мұзбалақ ақын Мұқағалиға өлең арнамаған шайырлар кемде-кем. Жас буын да сол дәстүрді жалғастыруда. Әдеби-танымдық кеште Аяжан Әбдіқадырова, Айым Тұрсынбекова, Адиля Бешейхан, Гауһар Куманшаравқызы арнау өлеңдерін оқыды. Қолына қауырсын қалам ұстаған жас талаптар ішінен №36 мектеп-лицей оқушысы Адиля Бешейханның арнау өлеңінің екі шумағын келтіре кетейік:
Хантәңірі – асқақ шың, асқар белің,
Сол шыңдардан қуат ап өскен едің.
Шынайылық мөрі бар әр сөзіңде,
Жүрегіңмен тербедің қазақ жерін.
Сенің жырың – таулардың жаңғырығы,
Сенің жырың – қазақтың мәңгі мұңы.
Ғасырлардан ғасырға жете берер,
Мақатаев атты бір жанның үні!
«Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігі мүшелері Раушан Рахметоллақызы мен Сәуле Мұқатайқызы соңында аңыз-әпсана қалдырған ақиық ақынның өмірі жайлы толғана сөйлеп, әнге айналған өлеңдерінің жазылу тарихынан сыр шертті.
Қазақ Еліндегі ең биік шың – Хантәңірінің бауырындағы Шалкөде жайлауының ғажап табиғатын Мұқағали ақын жырмен өрнектеп жазып, сазгер Нұрғиса Тілендиев «Саржайлау» әнін шығарғаны белгілі. Осы ән орындалып, «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнәр Сәрсенбинова мен №26 қазақ мектебінің басшысы Айнұр Жұмабайқызы әдеби-танымдық кештің мазмұнды да мағыналы өтуіне үлес қосқан қатысушыларды дипломдармен марапаттады.
Ж.Бұланбай







