Облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов «Атамұра» мәдениет орталығында қаламыздың зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Конституция жобасы талқыланды.
Дастархан басында, еркін формада өткен отырыста Серік Тельманұлы Ұлттық құрылтайға барған сапары туралы әңгімелеп, өзгерістер жөнінде сөз қозғады. Сонымен бірге конституция жобасына қатысты өзінің ойын білдірді.
Қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев Конституция жобасындағы өзгерістерге назар аударып, ерек-
шелігін атап өтсе, ҚР Еңбек Ері Рышат Әміренов жаңарған заңның халыққа қызмет етуін құптайтынын айтты. Ардагер ұстаз Жеңіс Мейірман бір парламенті жүйеге қолдау білдірді.
Бұдан әрі жазушы Сайлау Байбосын, қоғамдық белсенді Александр Разумовский, ақын Жұмағали Қоғабаев сөз алып, өз пікірлерін ортаға салды.
Билер кеңесінің төрағасы Жұмажан Паруов Серік Сәдуақасовтың қайырымдылық істеріне тоқталды:
– Биыл «Ертіс-Баян» театрына келген 5 жас маманға қала әкімшілігі пәтер бергізген болатын. Серік Тельманұлы өнерлі жастардың пәтерлеріне техника сатып әперді. Осылайша театр мамандарының қамсыз жұмыс істеп, халыққа қызмет етуіне жағдай жасады, – деп пәтер иелерінің алғысын жеткізді.
Басқосу барысында жаңа Конституция жобасындағы басты өзгерістер мен толықтырулар егжей-тегжейлі қарастырылды. Бұл реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы өте жоғары.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







