Қызылша – аса жұқпалы вирустық ауру. Ол, әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Вирус ауыр асқынуларға (пневмонит, менингит), түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға соқтыруы мүмкін. Сондықтан мамандар қызылшаға қарсы екпені дер кезінде алуға шақырады.
– Екібастұз қаласында қаңтар айынан бастап қызылшамен ауырған 9 адам тіркеуге алынды. Оның 8-і зертханалық жолмен анықталса, олардан тағы бір баланың жұқтырғаны белгілі болды, – дейді бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Қымызкенова.
Айта кетерлігі, вирус жұқтырғандардың барлығы дерлік 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың екеуі – мектеп оқушысы, біреуі – балабақшаға баратын бүлдіршін. Қалған алтауы үйде отырған балақайлар. Науқастардың 5-еуі екпеден бас тартқандар болса, 3-еуі жасына байланысты екпе алмаған екен.
Қызылша ауа-тамшы жолымен жұғады. Екпе алмаған адамдарда вирусқа қарсы иммунитет болмайды.
Қызылша жұқтырғанда бірнеше күн дене қызуы қатты көтеріліп, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, конъюнктивит (көзден жас ағу, жарыққа сезімталдық) мазалауы мүмкін. 4-5 күннен соң бөртпе пайда болады. Ауруды асқындырса, пневмония, отит, энцефалит, соқырлық, есту жүйкесінің зақымдануы, т.б. соқтыруы мүмкін.
Вирусқа қарсы арнайы ем жоқ. Қызу түсіретін дәрілерді, А дәруменін қолданып, мол сұйықтық ішу қажет. Антибиотиктер тек бактериалдық асқынулар кезінде тағайындалады.
Науқас бөртпе шыққанға дейін 4 күн және шыққаннан кейін 4 күн бойы жұқпалы деп саналады. Қызылшаға күдік туған жағдайда науқасты дереу оқшаулап, дәрігер шақыру қажет.
– Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация, – дейді маман. – Егер жасына сәйкес екпені уақытында алмасаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі емханаларға жүгіну қажет. Сондай-ақ, бүгінгідей жаппай иммундау жүргізілу кезінде балаларға 6 айдан бастап қызылшаға қарсы вакцина салуға болады.
Өңірдегі эпидахуал бақылауда. Емханаларда алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар жүзеге асырылуда.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ







