10 ақпан күні қалалық коммуникациялар орталығында кезекті брифинг болып, қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқанов биылғы жылы өңірге тартылатын инвестициялар мен жүзеге асырылатын жобалар жайлы әңгімелеп берді.
Бөлім басшысының айтуынша, Жалпыұлттық инвестициялық пул 6,3 триллион теңгені құрап, 21 негізгі жобаны қамтиды. Осыншама инвестициялық қаржының басым бөлігі өнеркәсіп секторына жұмсалады. Стратегиялық маңызды жобаларға МАЭС-2 станциясының үшінші және төртінші энергоблоктарын салу, жалпы қуаты 2640 МВт болатын МАЭС-3 станциясының құрылысын жүргізу кіреді.
Дәстүрлі энергетиканы дамытумен қатар, Екібастұзда желдің күшін пайдаланатын екі ірі жел электр станциясының құрылысын бастау көзделіп отыр. Атап айтқанда, әлгі станциялардың біреуі – қазақстандық Argestus компаниясы, қытайлық Huadian корпорациясы және халықаралық ERG тобының бірлескен жобасы. Екінші жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ-ы China Power International Holding компаниясымен әріптестікте жүзеге асырады. Екі жел станциясы іске қосылғанда 1500 МВт электр энергиясы өндірілетін болады.
Электр қуатын жеткілікті өндіру – жаңа өндірістік кәсіпорындар ашуға мүмкіндік тудырады.
Екібастұзда соңғы жылдары ірі теміржол кластері қалыптасқаны белгілі. Соңғы кезде оған қоса металлургия саласы қарқынды даму үстінде. Былтыр күзде екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Енді биыл қазан айында «Mineral Product International» ЖШС тағы бір зауытты пайдалануға береді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Rail Way Steel компаниясы электрометаллургиялық зауыт салып жатыр. Аталмыш зауытта жылына 1 миллион тонна төмен легирленген болат өндірілетін болады. Жаңа кәсіпорынға тартылған инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асады.
Жалпы, 2030 жылға дейін Екібастұзда металлургия саласында жалпы құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын 8 ірі жоба жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Бөлім басшысы брифингте өңірде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялар мөлшері үш жылда үш есе өсіп, 33 миллиард теңгеден 99 миллиард теңгеге жеткенін де айтты. Сөйтіп осы секторда 200 миллиард теңгенің өнімі шығарылыпты. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінде облыс бойынша Екібастұздың үлесі екі есе ұлғайып, 16 пайыздан 35 пайызға жеткен екен.
Ең бастысы, сөз болып отырған ірі жобалар сәтімен жүзеге асырылса, Екібастұздың экономикалық қуаты еселеп артпақшы.
Ж.Жәлелұлы






