Қазіргі қоғам қарқынды дамып, заманауи технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат ағынының жылдамдығы жас буынға жаңа мүмкіндіктер ұсынғанымен, сонымен қатар, түрлі қауіп-қатерлерді де қатар алып келуде. Осындай кезеңде заңды білу – тек қорғану құралы ғана емес, азаматтық сана мен жеке жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды тетік.
Осы мақсатта 4 ақпан күні Екібастұз қаласындағы «Достық үйінде» Ассамблея жастарының бастамасымен, Жастар бастамаларын қолдау орталығының қолдауымен «Заң бәріне ортақ» тақырыбында ашық диалог ұйымдастырылды.
Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары Татьяна Шмидт пен Еркін Құсан, «Аналар кеңесінің» төрайымы Маруаш Сағындықова, қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Спикерлер құқықтық міндеттер мен жауапкершілік мәселесіне кеңінен тоқталып, кез келген азамат заң нормаларын сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Кездесу барысында мектептер мен онлайн платформалардағы буллинг пен қудалаудың психологиялық әрі әлеуметтік зардаптары кеңінен қозғалды. Мамандар мұндай жағдайға тап болған кезде үнсіз қалмай, тиісті орындарға жүгінудің маңызын атап өтті. Буллинг пен сталкинг ұғымдарының ара-жігі ашылып, сталкингтің жеке шекараны бұзатын қауіпті әрекет екені нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Бұл бағытта заңнамалық өзгерістердің енгізілуі де назардан тыс қалмады.
Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру интернет қауіпсіздігімен ғана шектелмейді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілсіз жүруіне қатысты талаптар, темекі мен алкоголь өнімдеріне байланысты жауапкершілік мәселелері сөз болды.
Іс-шараға ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжінің, Екібастұз политехникалық және Қосым Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің студенттері қатысты. Теориялық бөлім практикалық жұмыстармен ұштасып, жастар суицидтің алдын алу, нашақорлыққа қарсы күрес, буллинг пен сталкинг тақырыптары бойынша топтарға бөлінді. Олар өмірлік жағдаяттарды талдап, өз ұстанымдарын қорғап, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің өкілі Самат Омаров құқықтық сауаттылықтың мәніне ерекше тоқталды.
– Құқықтық сауаттылық – заң мәтінін жаттап алу ғана емес, айналада болып жатқан жағдайларға бейжай қарамау. Егер топ ішінде біреудің тұйықталып жүргенін немесе мінез-құлқында өзгеріс байқалса, оны жасыруға болмайды. Бұл әлсіздік емес, керісінше дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Заңды білу – заман талабы. Ал құқықтық сауаты жоғары, жауапкершілікті сезінетін жастар – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның берік негізі, – деді ол.
Шара соңында белсенділік танытқан командалар алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының маңызын атап өтіп, оларды жүйелі түрде өткізу қажеттігін жеткізді.
Ділназ Серікбай








