Таяуда Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз көмір кеніштерінде болып, экологиялық хал-ахуалды тексерді. Аймақ басшысының бұл жолғы сапарына екібастұздықтардың «кейінгі кезде шаһарды түтін тұмшалап, ауа ластанып кетті» деп дабыл қағуы себеп болды. Көмір кеніштерін аралаған облыс әкімі қалыптасқан жағдайға егжей-тегжейлі түсінік беруді талап етті.
«Богатырь» кенішінің солтүстік қапталы мен ішкі жыныс үйінділерінде шамалы бықсып жану анықталып, дереу сөндірілген екен. Ал «Шығыс» кенішінде ашық бықсу тіркелмеген. «ЕЭК» АҚ филиалы директоры Юрий Личманның айтуынша, булану метанды учаскелерде жүргізілген технологиялық жұмыстардан болған. Эндогенді өрттің алдын алу үшін кәсіпорын пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отыра температуралық режимге мониторинг жасауда.
Өрт ошақтарының ең көбі «Ангренсор Энерго» ЖШС кенішінде болып отыр. Аймақ басшысы мұнда жүйелі әрі ашық бақылауды қамтамасыз етіп, анықталған жану ошақтарын жылдам өшіруді талап етті.
Аймақ басшысы кез келген технологиялық үдерістер экология мен тұрғындар денсаулығына қауіп төндірмеуі керектігін айрықша атап өтті. Көмір өндіруші кәсіпорындардың басшыларына мұндай жағдайлардың қайталануына жол берілмеу қажеттігі ескертілді.
Кеніштерді аралап болған соң, облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы экологиялық хал-ахуал талқыланған отырыс өткізді. Отырыста Бас мемлекеттік экологиялық инспектор Әсет Сыздықов «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кеніші, «Богатырь Көмір», «Ангренсор Энерго», «Майкөбен-Вест» кәсіпорындарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін баяндады. Тексерулер қорытындысында кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сомасы 2,9 миллион теңге айыппұл салыныпты.
Дегенмен 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде әуені ластайтын заттар көлемі 669,9 мың тоннаға кеміп, белгіленген лимиттен алғаш рет төмендепті. Аталмыш көрсеткішті төмендетуге энергетикалық және өнеркәсіптік ірі кәсіпорындарда жабдықтарды модернизациялау және технологиялық үдерістерді оптимизациялау есебінен қол жеткізіліпті.
– Әуенің ластануы туралы тұрғындар дабылы – әрекет етуге берілген белгі. Проблеманы түсіндіру аз, шешу қажет, – деді облыс әкімі.
Экология мәселелері өңір үшін басым болып табылады. Сондықтан аймақ басшысы экология талаптарының орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырып, Екібастұз көмір алабы кеніштерінде пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отыра заманауи мониторинг жүйесін кеңінен енгізуді жүктеді.
Отырыста аймақ басшысы Асайын Байханов қаланы түтін басуына жанама себептерді де атап өтті. Бүгінгі күні 6,5 мың жеке үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанымен, 500 үй пеш жағып отыр. Оның басым бөлігі №22 шағын ауданда орналасқан және орталықтандырылған жылуға қосуға техникалық мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты Екібастұз қаласы әкіміне биылғы жылдың үшінші тоқсанының аяғына дейін аталмыш шағын аудандағы жеке үйлерді орталықтандырылған жылуға қосудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу тапсырылды. Екібастұз ЖЭО-ның жылу беру жүктемесін есептеп, жобаны жүзеге асыруға 2027 жылы кірісу айтылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі материалдарынан әзірленді








