Мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды мәселе – Қазақстан Республикасының Ата Заңының жаңа жобасын талқылау мақсатында қала активі, депутаттар, қала құраушы кәсіпорын басшылары, Құрметті азаматтар мен ардагерлер «Қайнар» ББК мәжіліс залына жиналды.
– Ағымдағы жылдың 2 ақпан күні облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен жаңа Конституцияның жобасы талқыланған болатын. Бүгінгі күні облысымызда, барлық өңірлерде Ата Заңның жобасын талқылау және түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, жұмыс басталып кетті. Ұсынылған Конституция жобасы жария түрде талқыланып, барлық өңірлерде халықпен кездесулер, дөңгелек үстелдер және қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылуда. Әрбір азаматтың ұсынысы мен пікірі ескеріліп, құжатты жетілдіруге мүмкіндік берілуде, – деп бастады отырыстағы сөзін қала әкімі Аян Бейсекин.
Ең алдымен қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраевқа сөз берілді. Ол Ұлттық құрылтайда атап өтілген жайттарға оң көзқарасын білдірді. Сонымен бірге Ата Заң жобасындағы саяси өзгерістерге тоқталды.
Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева әлеуметтік сала және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері, қолданыстағы Ата Заң мен Конституция жобасындағы айырмашылықтар жөнінде айтты.
– 1995 жылғы Конституцияда ІІ бөлім «Адам және азамат» деп аталып, онда азаматтардың негізгі құқықтары жалпы сипатта бекітілді. Жаңа Конституция жобасында бұл бөлімнің атауы мен мазмұны кеңейтіліп, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп нақтыланды. Бұл өзгеріс – жай ғана атаудың ауысуы емес, терең мазмұндық жаңару. Білім бері саласына келсек, жаңа жобада білім беру мәселесіне көзқарастың да жаңа деңгейге көтерілгенін көреміз, – дейді Бибігүл Сағынтайқызы.
Келесі кезекте Жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры Еркін Құсан жастар, отбасы және қоғамдық жауапкершілік жөнінде сөз қозғады.
– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген болатын. Жаңа Конституция жобасында жастар мәселесіне ерекше мән берілген. Жастар елдің болашағы, мемлекеттің қазіргі дамуына белсенді үлес қосатын негізгі күш ретінде қарастырылады.
Конституциялық деңгейде бекітілетін басым бағыттар: сапалы білім алуға тең қолжетімділік; еңбек ету және кәсіби дамуға жағдай жасау; азаматтық белсенділікті қолдау; жастардың бастамалары мен шығармашылығын дамыту.
Бұл нормалар жастар саясатын формалды шаралар жиынтығынан нақты нәтижеге бағытталған жүйелі саясат деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді, – деп қорытты сөзін орталық директоры.
Жиында ардагерлер атынан С.Рамазанов, Р.Әміренов, Ж.Қоғабаев, Э.Абдинов жобаға қолдау білдіріп, ойларын ортаға салды.
ҚР Конституциясының жаңа жобасы газетіміздің 3-10-беттерінде жарияланып отыр. Жобаға қатысты ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз болса, egov.kz порталы арқылы жолдауға болады.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





