«Қарағым-ай!
Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен,
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен».
Мәтінін Шөмішбай Сариев жазған осынау әнді 2000-шы жылдардың бас кезінде әнші Нұрлан Өнербаевтың гитарамен орындауында сүйсініп тыңдаушы едік. Теледидардан жаттап алып, жиын-тойларда айтушылар да көп болды.
Әннің тамырында жастық шақтың жалынына, сұлулығына тамсанумен қатар өмірдің өткінші екендігіне өкіну сезімі де жатыр.
Әрине, әр тыңдаушы сүйікті әнінен өзінің жан дүниесіне жақын бір сюжет табатыны анық. Бұл әнмен де әркім өзінің басынан өткен өмірлік бір естелігін бояған болар. Ал ән иесі – сазгер Кеңес Дүйсекеев журналистерге берген сұхбатында ән тарихын былайша әңгімелеген еді:
«Әкем менiң бес жасымда қайтыс болған. Әулетiмiзде ылғи ер-азаматтар. Соның iшiнде жалғыз апам болған. Сол апам 19 жасында ҚазПИ-де оқып жүргенде қайтыс болды. Сол апама әннен ескерткiш қояйын деген мақсатым болды. Әкем тiрi болса, жалғыз қызын ұзатып тұрғанда айтар едi ғой деген ойдан туындаған едi. Оны әркiм өз пайым, парасатына қарай түсiнiп жүр. Бiреулер махаббат туралы ән дейдi. Солай түсiнсе, өздерi бiлсiн. Ол – қызын ұзатып тұрғанда айтатын әкенiң әнi».
«Қарағым-ай» әнінің тарихындағы тағы бір тағдырлы сәт – оның ғарышқа қанат қағуы. Нақты айтсақ, 1991 жылы ғарышқа қазақтың қара домбырасын қолтығына қыса ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаевқа Байқоңырдан ән жолданған болатын. Ол ән Нұрлан Өнербаев шырқаған осы «Қарағым-ай» еді.
Қазір «Қарағым-айды» қазақтың мақтанышы – Димаш Құдайберген әлем сахналарында асқақтатып жүр. Әнді Димаштың орындауында Кеңес ағаның өзі де тыңдап риза болып, батасын берген.
Ақын Шөмішбай Сариев пен Кеңес Дүйсекеевтің бірігіп жазған тамаша әндері әр қазақтың жүрегіне ұя салып, ұлы даланы армансыз кезгені анық. Олар: «Асыл ана», «Домбыра туралы баллада», «Ойлайсың ба, жаным?», «Ғашықтар жыры», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен», т.б. Сөзі мен әуені тамаша үйлесім тапқан осынау шығармалардың мерейін Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиев, Ақжол Мейірбеков, Бақыт Шадаева, Жұбаныш Жексенұлы, тағы басқа талантты әншілер асырды.
Ал енді осы ғажап туындыларды дүниеге әкелген сазгердің өмір жолына тоқталып өтсек, Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алматы консерваториясын бітірген. 1974-1976 жылдары «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Оның жетекшілігімен «Тамаша», «Халық – талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», тағы басқа теледидарлық бағдарламалар жарыққа шыққан.
1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол – «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге арналған шығармалар, соната, рапсодия, варияциялар және 200-ден аса әннің авторы.
Ләззат Шушаева,
«Ана ұлағаты» ҚБ мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі:
– Дарынды композитор, музыкант Кеңес Дүйсекеев ағамен алғаш Шымкент педагогикалық мәдениет институтында оқыған студенттік кезімде (1978-81 жж.) кездескен едім. Бұл Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың «Достық» фольклорлы-этнографиялық ансамблін Поляк Халық Республикасында өтетін «Зелена гура» халықаралық фестиваліне дайындап жүрген кезі болатын, мен жеке және вокалдық квартеттің әншісі болдым. Екінші рет – 1979 жылы Алматыда «Мой адрес – Советский Союз» бүкілодақтық тележобасына осы ансамбль құрамында қатысқан кезімде Кеңес аға жобалардың бас музыкалық редакторы болды, жоба Абай атындағы опера және балет театры сахнасында өтті. Кеңес Дүйсекеев адамгершілік, мәдениеттілік ұстанымы жоғары тұлға, өз ісінің шебері еді. Ұлттық болмысымызға тән сабырмен, даналығымен әрбір әннің сахналық биік деңгейде орындалуын қадағалап, музыкалық дыбыстар интонациясының тазалығына ерекше мән бергені есімде. Екібастұз қаласындағы өзім 15 жыл ұстаздық еткен №26 гимназия-мектебінің оқушысы Бағила Жылқыбайды Алматыда өткен «Бозторғай» халықаралық фестиваліне апарғанымда, Кеңес аға қазылар алқасының мүшесі болды. Осы кездесуімде Кеңес Дүйсекеев пен Бейбіт Оралұлы ағаларымыз жас таланттарға баталарын беріп, музыка өнеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, әнді орындау кезінде сөзін де, әуенін де ақын мен композитордың жазғанындай таза орындап, жүректен жүрекке жеткізуді міндеттеп, болашақтарына ақ жол тілеген сәттері есімде қалыпты…
Баян Ахметқызы,
зейнеткер:
– Композитор Кеңес Дүйсекеевтің бертінгі жылдары өткен музыкалық тележобалардың бірінде қазылар алқасында болған шағы көз алдымда. Сол жобаға қатысқан танымал опера әншісінің қызы – Қарлығаштың өнеріне өткір сын айтты. Сол кезде сазгердің өнерге адалдығын, әділдігін тани түстім…
Жанаргүл Қадырова







