Мыңнан озған даланың дана ұлы,
Мықтылардың мықтысы – дара үні.
Мәңгілік мәртебенің мұнарасын
Мекен еткен қазақтың қара ұлы.
Ұлылығың Ұлытаудай еңселі,
Ұмытпайды, ұлықтайды ел сені.
Ұран жырың асқақтатып көтеріп,
Ұстатады биік етіп еңсені.
Қайраңына қағылсаң да өмірдің,
Қауымыңа ән боп, жыр боп төгілдің.
Қара өлеңге өзің жапқан шекпеннің
Қымтай алмай жүрміз әлі өңірін.
Ақ, қараны тең етіп теңестіріп,
Аспан менен жерді де кеңестіріп,
Аршаларды шыршалардай биік еттің,
Ақ тауларға сүйедің белесті іліп.
Ғасырларға ауысып арман-жырың,
Ғайып болып, табылып алдандырдың.
Ғашық қылып жырыңа бар қазақты,
Ғылымдыны, білімдіні таңдандырдың.
Асқақ ойлар аппақ еткен самайын,
Алыптардың көрсек-тағы талайын,
Айта алмады дәл өзіңдей дөп басып,
Ашса-дағы көркем сөздің сарайын.
Лауға алған лауазымын күйіттеп,
Лепіргендер жалғандықты иітпек.
Лек-легімен келген сайын майдалар –
Лайықтысың асқақтауға биіктеп.
Иі қатты мына заман құрықтап,
Игілігін қойса-дағы құлыптап,
Игі ойларын ойсыратып алғанша,
Исі Қазақ жүрер сені ұлықтап.
Ержан Түсіпбаев






