«Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
– Туған жылың?
– 1931. Құрдасымын Шәмілдің».
Өз өмірбаянын осылай деп өлеңімен өрген Мұқағали ақынның өміріме нақты қай күні кіргені есімде жоқ. Құштар болғаным сонша, «Соғады жүрек» атты жыр жинағындағы жан дүниеме жақын өлеңдерін екі жасыл дәптерге көшіріп жазып, басыма жастап ұйықтайтынмын. Мұғалімдер «Мұқағалиды жатта» деп тапсырма берген емес, – көптеген жырларын жүрек әмірімен жаттап алғанмын. Тіпті студент күнімде бөлмелес құрбым екеуіміздің кітапханадан Мұқағали кітабын сұраусыз әкеткеніміз бар…
Бүгінде Мұқағали ақынды әр қазақ таниды, жоқ дегенде әркім оның ең болмаса әнге айналған өлеңінің бір шумағын жатқа білетіні анық. Олай болатыны – ақын өлеңдерінің қарапайым тілмен-ақ әр адамның сезім пернесін тап басатындығында. Былай қарағанда, Мұқағали ақын сенің өмірің, сенің басыңнан өткен оқиға жайлы айтып жатқан сияқты…
1931 жылы – тарихтың ауыр кезеңінде дүние есігін ашқан ақынның балалық шағы сауық-сайранмен өтпегені белгілі.
«Шаруаның баласы болғасын ба,
Айналыстым шаруамен он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім,
Айырбастап күлшемді қорғасынға» деген шумақтары бала күнінен-ақ бейнет кешіп, ерте есейгенін білдіреді.
«Жиырма» деген өлеңінде лирикалық қаһарманның бойында болашаққа деген үміт пен күдік таласқа түскендей. Өлеңнің өн бойынан бірде болашақтың бұлыңғырлығы мен белгісіздік қылаң берсе, енді бірде ақын «Жиырма! Қуанамын келгеніме! Бірақ сен айналдырма ермегіңе» деп, жастықтың жалыны қалай болғанда да қуаныш сезімімен егіз екенін аңғартып өтеді. «Тез жойып оннан өткен қателікті, Өмірді бастар ма екем жиырмаша» деген жолдарда өзін қамшылау, жастық жігерді босқа ысырап етпеу туралы терең ой да бар. Өз өміріміздің терезесінен үңілер болсақ, жиырмада көбіміздің тындырғанымыз да шамалы, бәлкім, көбіміз дипломға қол жеткізгенімізді місе тұтқан болармыз.
Ақынның «Отыздан асып барамын» атты өлеңіне тойларда жұртшылық көңілдене билеп жүргенімен, бұл – пәлсапалық шығарма. Өлеңдегі – «шашымның санап әр ағын», «санаулы басқан әр адым», «әжімге несін қарадың», «қуарып кейде қаламын» деген тіркестер күн сәулесінің қырат маңдайынан жылыстап бара жатқанындай әсер беретін элегиялық тармақтар. Бұл өлеңде де алуан ой, әлем-жәлем, аумалы-төкпелі көңіл күй бар. Отыздың ар жағында дәл жиырмадағыдай қуаныш бар деп айта алмассың, десе де «жастықтың жалауын жыққың» келмейтінің және бар:
«Солай да, солай, қарағым,
Көңілдің таппай қалауын.
Жастықтың жықпай жалауын,
Отыздан асып барамын».
«Әке» деген өлеңінде ақын:
«Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге бәрібір ғашық балаң» деп шабыттанды. Бәріміздің басымыздан өтетін тасқын, бәрімізді басатын мұң. Қуаныштан құралақан еместігін айта келе, «Өмір сүріп келеді тірі арыстан» деп, қазақтың «Орнында бар оңалар» деген пәлсапасын еске салып өтеді. Отыз үш жасында майданда хабарсыз кеткен әкесіне сағынышын, оның өмірден ерте өткеніне деген өкініш өртін жыр бұлағымен өшіріп, «Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын» деп нық түйіндейді.
«35 жыл қуарып, 35 жыл көктедім» деп жырлайтын «Отыз бесінші көктемім» өлеңі де қуаныш пен мұңның айтысындай. Сондай-ақ «Және 35 бола ма? Сезіктенем» деген күдік-күмән бар. Ақын әжесі, соғысқа аттанған әкесі және «жылы сөз есітпеген» балалық шағы жайлы толғанады. Тағдырын таразылайды, сөйтіп, «Мені жұрт «Жақсыдан қалған көз» дейді, «Жақсыдан қалған сөз» дейді» деп, жаман болуға хақысы жоқтығын нығарлайды. Өлеңнің болмысынан ақынның соғыс кезеңіне тап келген сүреңсіз балалық шағы бой көрсетіп, жастық ғұмыры да аса бір жарқылдап өтпегені сезіледі. Десе де ол «өзгелерге қиянат істедім» деген өкініші жоқтығын көңілге медеу етеді.
«Жылдарым менің, жылдарым» өлеңіндегі «Жылысып өткен жылымды,
Жоғалтқан өмір дер едім» деген жолдарды түрлі мағынада түсінуге болады. Ақын бұл жерде ештеңе тындырмай өткізген уақыт туралы айтуы ықтимал. Десе де әрбір жаңа күн өміріміздің белгілі бір сағаттарын қысқарта келетіні – ол да ақиқат емес пе! Енді бірде бұл жыр әлеуметтік сипат алады:
«Көргенім ылғи өгейлік,
Қуанам неге тоқсынып.
Жыл өткен сайын кедейлік,
Жыл келген сайын жоқшылық»: бәлкім, қоғамдағы әділетсіздік айнасы. Егер осы жолдарды бөлек контексте қарастырсақ, бүгінгі қоғамның да суретін көретін сияқтымыз.
«Қырық…
Қырық…
Қай жерге тоқтар екен,
Жайлауында жастықтың
жоқ па мекен?!
Жастық – өлең, жігіттер,
Жастық – өмір,
Қалғанының барлығы оттау екен!». Қырықтағы кезін ақын осылай суреттепті. Бұл өлең әзербайжан ақыны Гүлшан Мұстафаның
«Қырықтан соң күрең күз бағындасың:
Жел айтады әніңнің қайырмасын.
Жәдігері жастықтың – ыстық жүрек
Өз отымен жылытсын, жалындасын» деген жырын есіме түсірді. Екі өлең де адам ғұмырының көктемі – жастық шақтың бәсін арттыра түскен.
«Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? Екі жыл болды, еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр» депті ақын Дінмұхаммед Қонаевқа жазып, жолдамаған хатында («Мұқағали шығармалары», көптомдық толық жинағы, Ү том, 228-бет). Бұл – ақын ғұмырының тармақтап таңбалағаннан бөлек, қағаз бетіне түскен бір кезеңі.
Мұқағали Мақатаев жырларының оқырман жүрегін мұңға орайтын кезі көп. Десе де ақын үнемі өмірге ынтызар, дүниеге іңкәр:
«Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын» деп армандайды ол «Өмір сүрсем енді бір жиырма жыл!» деп басталатын өлеңінде. Және осыған дейінгі ғұмырының текке өтпегенін де парықтайды. Ал «Жастық» өлеңіндегі «Ризамын жастыққа, текке өтпеді, әзір тұр гүл-бағымды көктеткелі» деген жолдан сезілген жарқын леп барлық шумақтардан оқырманына жігер береді.
«Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер.
Алпысқа келсек екен енді біздер» деген де арманы бар еді Мұқағалидың. Өйткені ол өзінің талантының құнын, қаламының салмағын білді. Десе де оның ақын жүрегі қырық бес жасында соғысын тоқтатты.
«Өзімнің есебімде
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі…
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде
Қырықтың бесеуінде» деген өлеңі көріпкелдің болжамындай еді.
Дәл осы кезден ақынның екінші ғұмыры басталып кете барды…
Жанаргүл Қадырова







