Екі қазан, он отау, елу құмалақ… Қазақтың көне зияткерлік ойындарының бірі – бестемше бүгінде қайта жаңғырып, мектеп жасына дейінгі балалар арасында кеңінен тарала бастады. Баланың ойлау қабілетін дамытып, есепке жүйріктікке баулитын ұлттық ойынға қызығатын балдырғандар 28 қаңтар күні Екібастұз қаласы білім бөлімінің №23 мектепке дейінгі гимназиясында бас қосып, өзара бақ сынасты.
Қалалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа 10 балабақша командасы қатысты. Мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері жұптасып ойнады. Іс-шараны №23 мектепке дейінгі гимназияның педагогтар шығармашылық бірлестігі ұйымдастырды.
Жарыс бес ойын алаңында қатар өтті. Әр алаңда балалардың ойындағы тәртібі мен ереженің сақталуы мұқият бақылауда болды. Дода төрт кезеңнен тұрып, швейцар әдісімен жүргізілді. Әр ойынға 15 минуттан уақыт беріліп, жеңіске жеткен жұптар ұпай санына қарай келесі кезеңде өздеріне деңгейлес қарсыластармен кездесті.
— Бүгінгі жарыс балаларға ерекше әсер қалдырды. Бір жағынан, бес алаңды қатар пайдалану уақытты үнемдеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, әр ойын өз алдына қызықты тартысқа айналды. Жарыс төрт турдан тұрды, швейцар әдісімен өтті. Бұл әдістің тиімділігі – жеңіске жеткен командалар жүйеге тіркеліп, келесі кезеңде қарсыластар автоматты түрде анықталады. Ең қуантатыны — бестемше сияқты ұлттық ойынымыздың қайта жанданып келе жатқаны. Ол — баланың ой-өрісін кеңейтетін, логикалық ойлауын дамытатын өте пайдалы ойын, — дейді №23 мектепке дейінгі гимназияның денешынықтыру нұсқаушысы Сандуғаш Сыздықбекова.
Бестемше – баланың логикалық ойлауын, есептеу дағдысын, зейін тұрақтылығын дамытатын, ұсақ моторикасын жетілдіретін ұлттық зияткерлік ойын. Нұсқаушылардың айтуынша, ойын барысында бала тек ұпай жинап қана қоймай, әр жүрісін есептеп, қарсыластың қадамын болжай отырып ойнауды үйренеді. Ұпайлар арнайы текшелер арқылы қойылып, жұп сан болған жағдайда алынып отырады. Соңында 26 текшені бірінші жинаған жұп жеңімпаз атанады. Осындай жүйе арқылы балалардың математикаға ынтасы артып, ойлау жылдамдығы мен жинақылығы қалыптасады.
Айта кету керек, №23 мектепке дейінгі гимназияда ұлттық ойындарға арналған үйірме де жұмыс істейді. Үйірмені денешынықтыру нұсқаушысы Гүлназ Қапанова жүргізеді. Қазіргі таңда үйірмеге мектепалды даярлық топтарынан 10 шақты бала қатысып жүр. Үйірме ақылы болса да, ұлттық ойынға қызығушылық танытқан балалардың қатары жыл сайын артып келеді.
Жарыс қорытындысында үздік командалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. I орын №14 сәбилер бақшасына бұйырса, II орынды №23 мектепке дейінгі гимназия иеленді. III орын №5 сәбилер бақшасына берілді.
Сонымен қатар, сайыс барысында ерекше белсенділік танытып, шеберлігімен көзге түскен жұптарға арнайы аталымдар берілді. Атап айтқанда, «Ең төзімді жұп» – №26 сәбилер бақшасына, «Ең қайсар жұп» – №14 сәбилер бақшасына, «Ең батыл жұп» – №9 балабақша-гимназияға, «Ең тату жұп» – №1 дамы-
тушы орталыққа, «Ең көңілді жұп» – №17 сәбилер бақшасына, «Епті жұп» – №21 ресурстық орталыққа, «Ең жылдам жұп» №24 сәбилер бақшасына берілді.
Барлық қатысушылар дипломдар мен сыйлықтармен марапатталып, алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл бастаманың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы жылдары жарысты дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Ұлттық ойын арқылы баланың танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытумен қатар, ұрпақ бойына қазақи болмыс пен рухани құндылықтарды сіңіруге жол ашылатыны анық.
Ділназ Серікбай








