Баянауыл ән мектебін қалыптастырушылардың ең көрнекті өкілдерінің бірі – әнші, сазгер Жарылғапберді Жұмабайұлының 175 жылдығына орай «Атамұра» мәдениет орталығында өнер кеші ұйымдастырылды. Жиналған қауымға әуелі Павлодар облысының 100 тарихи тұлғасы топтамасына енгізіліп түсірілген «Күміс көмей әнші» деректі фильмі көрсетілді. Әйгілі әнші Баянауылдан 35 шақырым қашықтықтағы Жылыадыр қыстауында 1851 жылы дүниеге келіп, 1914 жылы атақонысында бақилық болған. Әнші-сазгер қазақ халқына мұра етіп соңына 17-18 ән қалдырып кеткен екен. «Топайкөк», «Шама», «Ардақ», «Ғайни», «Үш дос», «Келіншек» әндері ел ішінде кеңінен тарап, қазақ әндерінің зерттеушісі Затаевич: «Жарылғапберді әндері – жалпы адамзат музыкасының табысы» деп баға берген.
Деректі фильмді тамашалап, Жарылғапберді әншінің өміріне қаныққан соң, кеш жүргізушісі Жомарт Қабыкенов алғашқы сөзді бабасының мұрасын түгендеп, дәріптеп жүрген ұрпағы Құдайберген Тажмағанбетовке берді.
– Жарылғапберді бабамыз әкеден төрт ағайынды. Өзінің бел баласы болмаған. Мен ағасы Жұмағұлдан тараймын. Көп жылдар бойы Жарылғапберді әншінің аты елеусіз қалғаны қынжылтып жүргенде, 2011 жылы ақын-жазушы Сайлау Бойбосынның «Жарылғапбердінің жағасына қол салдық па?» деген танымдық мақаласы баспасөзде жарияланып, онда «Шама» әнінің әншінің мұрасы екені дәлелденді. Осы мақала серпін беріп, Қаржас ұрпақтары бас қосып, 2012 жылы 7 қазанда әнші бабамыздың мазарын көтердік. Міне, содан бері бірқатар шаруаның басын қайырдық. Жоғары жаққа қайта-қайта хат жазып, Жарылғапберді есімін 2023 жылы тарихи тұлғалар тізбесіне енгізуге қол жеткіздік. Былтырғы жылдың қарашасында облыс басшылығында болып, биыл жазда Баянауылда өткізілетін мерейтой тізіміне Жарылғапберді әнші де енгізілді. Сонымен қатар, өзге де ұлықтау істері атқарылып жатыр. Әншінің ұрпақтары Ақтоты Райымқұлова мен Алмагүл Сметованың көмегімен деректі фильм түсіруге кірісіп едік, қаражат тапшылығынан әзірге жұмыс тоқтап тұр. Әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, өнертанушы профессор Меруерт Құрманғалиева Жарылғапберді әншінің өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап жазу үстінде. Тағы бір керемет жаңалық: жас ғалым Бауыржан Мырзақұл Санкт-Петербург кітапханасынан Жарылғапберді Жұмабайұлының «Иман мағынасы» атты кітабын көріп сүйіншіледі. Кітап 1914 жылы Орынбор баспасынан жарық көрген екен. Жарылғапберді бабамыз – қажылық парызын өтеген адам, шамасы сол жылы өмірден өткендіктен кітапты көре алмай кеткен сияқты, – деп көсіле сөйлеген Құдайберген Ыңқашұлы алдағы уақытта жүзеге асырылатын істер туралы да айта кетті.
Қазіргі уақытта «Жарылғапберді» төсбелгісі әзірленіп жатыр екен. Ең танымал «Ардақ» әніне белгі орнату да ойда бар көрінеді. Майқайың өнер мектебіне, жөндеуден өткізілген соң, Жарылғапберді атын беру мәселесі де оң шешіліпті.
Дәстүрлі әнші Сұңғат Көпежанов «Ардақ» әнін орындап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.
Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың жазғанына сүйенсек, Сәдуақас Шорманов өз ауылының адамы әрі өзінің күтушісі Жылгелді деген кісінің қызына көңілі кетіп, ғашық болады. Жылгелдінің руы – Сүйіндік, оның ішінде Орманшы. Жылгелдінің қызының есімі – Мәкен, өзі ертегі елінен келгендей сұлу болыпты. Екеуінің көңілдері жарасқанымен бұл уақытта үйлі-баранды Сәдуақастың Мәкенді некелеп алуға шамасы келмейді. Расын айтқанда, аталы елдің қызы, адуынды бәйбішесінен ығады. Ақыры қос ғашықтың арадағы әңгімесінен қалың ел құлақтанып, бұл істі біліп қойып, қырына алған Сәдуақастың бәйбішесі Зейнеп Жылгелдінің үйін бір түнде алыс жерге көшіртіп жібереді. Сәдуақастың басынан өткен осындай драмалық жағдай «Ардақ» әнінің тууына себеп болады. Ғашықтық дертінен құсалы болған Сәдуақас «Ардақ» деп ат қойып, үш ауыз өлең шығарып, ән шығаруды Жарылғапбердіден өтінеді. Осылайша:
«Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген,
Соңыңда бір тазым бар жетем деген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айырылып сенен, сәулем, кетем деген»,
– деп келетін ғаламат ән туады.
Айтпақшы, біздің өңірде «Ардақ» әнін әнші Жәнібек сал Мәліков нақышына келтіре, бояуын жоғалтпай орындаушы еді.
Жарылғапберді әншіні елдің жадына оралтуға себепші болған ақын-жазушы Сайлау Байбосын сөз кезегі тигенде:
– 2011 жылы «Алаш айнасы» газетінде «Шама» әнін Ерейментау жағында өмір сүрген Шама деген кісі жазыпты деген шындыққа жанаспайтын мақала жарияланды. Зерттей келе, Ерейментауда Шама Нұрұлы деген адам болғанын анықтадым. Алайда ол адамның өлең жазып, ән шығарғаны туралы бірде-бір дерек жоқ. Жарылғапбердінің шәкірті Бісмілла Балабеков «Шама» Жарылғапбердінікі деп айтып кеткен, мұны Халық әртісі Қайрат Байбосынов та растаған еді. Сөйтіп «Жарылғапбердінің де жағасына жармастық па?» деген мақала жазып, теріс пікірге тосқауыл қойдым, – дей келе, «Шама» әнінің туу тарихы жайлы да сөз қозғады. Осы әңгімеден соң дәстүрлі әнші Болатбек Шаланов сахнада «Шама» әнін орындады.
«Күміс көмей әнші» өнер кешіне «Атамұра» мәдениет орталығы басшылығының шақыруымен Павлодар қаласындағы Майра Шамсутдинова атындағы ән шығармашылығы музей үйінің директоры Ерлан Рахимов келген екен. Ол құр қол келмей, музейден экспонаттар: әнші Майраның шапанын, кәрлен кесесін, бірқатар тарихи фотосуреттер ала келіпті.
– Биыл біздің музейдің ашылғанына 25 жыл толып отыр. Әнші, өнертанушы Гүлмира Сарина Майраның әндерін зерттеп, шығу тарихы баяндалған кітапша, оған кіріктірілген диск әзірледі. Өкінішке қарай, қаражат жағы қолбайлау болып, әлі жарық көрген жоқ. Музейіміздің атаулы датасына орай облыс аудандарын аралап, көшпелі экспозиция ұйымдастырып жүрміз. Майра Уәлиқызының тағдыры ауыр болғаны белгілі. Небәрі 37 жасында көз жұмған. Әкесі Уәли жалғыз қызына Қазан қаласынан сырнай сатып әкеліп сыйлаған. Майра «Толқыма» деген әнінде: «Жарасар күміс жүген жирен тайға, Қарайды өңкей мақұлық күн мен айға. Артымда іздеп барар аға-інім жоқ, Тапсырдым өз басыңды бір Құдайға» деп, әкесінің ойын әдемі жеткізе білген, – деп, Ерлан Рахимов қазақтың өнер саңлақтарының шығармашылығын насихаттау әлі де кемшін болып тұрғанын айтып өтті.
Айтпақшы, өнертанушы Ерлан Төлеутай Жарылғапбердінің «Ғайни» әні Майраға арналған деп жазады. Майраны Шорман ауылына Жаржан алып кеткенде, артынан сүйгені сонда да үміт үзбей талаптанып жүреді. Жарылғапберді ел аралап жүргенде орманшылар ауылында Рақыш деген жігітпен жолығып, дос болады. Сол жолы Рақыштың өтінуімен Майраға арнап «Майражан» деген ән шығарады. Рақыш хат жазып, оны Майраға табыстауды тапсырады. Жарылғапберді елге келген соң, Шорман ауылдарынан именіп, әннің «Майражан» атын өзгертіп, «Ғайни» деп қойған екен.
«Сағынып хат жазамын, Ғайни, саған,
Дүниеде рахат бар ма сенсіз маған?
Қуаныш екі өмірдің бірінде жоқ,
Дариға, құр жастықпен өтер заман».
Мазмұнды өнер кешінің соңына қарай Мадияр Теміржан Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйін шертіп, Құдайберген Тажмағанбетов шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сый-сияпат жасады.
Ж.Жәлелұлы








