Қала маршруттарында белгілі бір әлеуметтік санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығы қарастырылғаны белгілі. Қазіргі таңда мұндай жеңілдіктер Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне, 1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларға, мүгедектігі бар тұлғаларға, көпбалалы аналарға, мектеп оқушыларына ұсынылады.
Екібастұз қалалық мәслихатының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен жеңілдікке ие азаматтардың санаты тағы екі топпен толықты. Олар – Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан 1949 жылдан 1990 жылға дейін радиоактивті ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған азаматтар, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің пробация қызметінің қызметкерлері.
Аталған санаттағы тұрғындар қоғамдық көлікте жеңілдікті пайдалану үшін тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Семей полигоны аумағында тұрған азаматтар «Смарт автобус» ЖШС-не полигонда тұрғанын растайтын кітапшасы мен жеке куәлігін көрсетуі тиіс. Жеке куәлікпен бірге тұрғылықты жерін растайтын құжатының болуы міндетті. Ал полигон кітапшасын алу үшін азаматтар сол аумақта тұрғанын дәлелдейтін құжаттарды жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет.
Ал мемлекеттік пробация қызметінде жұмыс істейтін азаматтар өз қызметін растайтын арнайы куәлігін көрсету арқылы жеңілдікті пайдалана алады.
Семей полигоны аумағында тұрған азаматтар бұл жеңілдіктің енгізілгеніне ризашылықтарын білдіруде. Солардың бірі – Алма есімді қала тұрғыны өз пікірін былай жеткізді:
– Бір жыл бұрын зейнетке шықтым, бірақ жұмысымды жалғастырып жүрмін. Күніне бірнеше рет жол ақысын төлейтінмін. Мына жеңілдік жол ақысына кететін шығынды үнемдеуге жақсы болды, – дейді ол.
ТҮКШ маманы И.Досановтың айтуынша, аталған санаттағы азаматтарға берілген жеңілдіктер өңірлік болып саналады.
Қала автобустарында 50 пайыздық жеңілдікпен жүретін санаттар да бар. Олардың қатарында жасына байланысты зейнеткерлер мен ІІІ топтағы мүгедектер бар.
Кенже ҚУАТ






