Екібастұз қаласында жылыту маусымы кезең-кезеңмен басталды. Ең алдымен жылу жүйесіне әлеуметтік нысандар қосылды.
2 қазан күні барлық нысандарға жылу берілді. ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Бауыртай Аманов жылыту маусымы жөнінде кеңірек әңгімеледі.
– Қазіргі кезде 5 қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы 4 қазандық резервте. Жылу станциясының жұмысы температуралық кестеге сай, – деді бұл туралы Б.Аманов.
Биыл жылу орталығында жоспарланған жөндеу жұмыстары тиянақталып, №5 қазандық толық күрделі жөндеуден өткізілген болатын. Бұдан басқа №№1, 8, 13 қазандықтарда кеңейтілген, қалған 7 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бюджет қаржысына былтыр қашықтығы 5 шақырымнан асатын №№2, 7 жылу магистральдары жөнделіп, гидравликалық сынақтан сәтті өткізілді. Қазіргі кезде бұл тораптар қалыпты жұмыс істеп тұр.
Бұдан басқа орамішілік жылу торабына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 13 шақырымнан аса құбыр ауыстырылған. Жалпы 2025 жылы 25 шақырымнан аса жылумен жабдықтау желісі жаңғыртылып отыр.
– Жылыту маусымы басталғалы 606 ақау анықталды. Олардың 34-і ғана жылу магистральдарына қатысты. Қалған 599 ақау орамішілік жылу желілерінде орын алған, – дейді маман. – Желідегі ақаулар тез арада қалыпқа келтірілуде. Жөндеу жұмыстарына 16 бригада қатысқан болатын. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстарын 12 бригада атқаруда.
Шідерті кентіне келсек, мұндағы №1 қазандық жылыту маусымына дейін жөндеуден өткен. Осы орайда «ЖылуТрансСервис» ЖШС-імен 640,0 млн. теңгеге келісімшарт жасалып, қазандық пен жылу желілері жөнделді.
Б.Аманов Бозшакөлдегі екі жылу қазандығы да штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Сенімгерлік басқарушы қажетті жөндеу жұмыстарын атқарып, жылудың тұтынушыларға ойдағыдай жеткізілуін қамтамасыз етуде.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ







