Қазіргі таңда жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қоғамға тамаша мүмкіндіктер сыйлаумен қатар, киберқылмыскерлердің де әрекетін күшейтіп отыр. Бұрын алаяқтар көбіне телефон арқылы қоңырау шалып немесе SMS жолдап алдаумен шектелсе, енді жаңа технологияны пайдаланып адамның дауысын, түр-әлпетін өзгерте отырып видеоны да қолдан жасап шығаруға айналды. Яғни кез келген жерден алынған суретті «сөйлетіп», жалған бейнежазба әзірлеу арқылы жұртты сендіру алаяқтардың жаңа айласына айналды. Бұл туралы 2 ақпан күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Данияр Камзин әңгімеледі.
Оның айтуынша, алаяқтар тұрғындарды иландыру үшін көбіне өзін түрлі мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, жалған ақпаратпен қорқытып немесе қызықтырып, ақшасына қол жеткізуге тырысады. Соңғы уақытта банк қызметкері, полиция қызметкері, Ұлттық банк өкілі болып хабарласатындар жиілеген. Сонымен қатар, «Қазпоштадан» тапсырысыңыз келді» деген хабарлама жіберіп, сілтеме арқылы жеке деректерді қолға түсіру, түрлі мекемелердің атын жамылып қоңырау шалу, сондай-ақ, Activ, Beeline, Tele2 байланыс операторларының атынан «код айтыңыз» деп алдау да кең таралған. Тіпті кейбір алаяқтар емхана атынан хабарласқандай болып, «кезегіңіз келді» деп сендіруге тырысады.
Полиция өкілінің сөзінше, алаяқтар көп жағдайда адамдардың қорқынышы мен сенгіштігін ұтымды пайдаланады. Бірі «шотыңыз бұғатталды» немесе «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деп үрейлендірсе, енді бірі «қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» деп кеңес берген болады. Ал кейбірі керісінше «инвестиция арқылы ақшаңызды көбейтіп береміз» деген уәдемен қызықтырып, «аз ғана соманы салып көрсеңіз, үстінен екі-үш есе етіп қайтарамыз» деп арбайды. Өкінішке қарай, мұндай айлаға алданатын тұрғындар әлі де кездеседі. Сондықтан полиция қызметкерлері халыққа үнемі ескерту жасап, алаяқтардың қулығын түсіндіруден жалықпайды.
Өткен жылы алаяқтық фактілері бойынша 369 қылмыстық іс қозғалғанымен, соның тек 58-і ғана ашылған. Жәбірленушілерге 252 млн теңге көлеміндегі қаражат қайтарылған. Полиция тағы бір маңызды жайтқа назар аударуды сұрайды: қазір алаяқтық әрекетке тікелей қатыспаса да, білместіктен немесе жеңіл табыс үшін өз банк картасын басқа біреуге берген адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
– Мұндай жағдай көбіне жастар арасында кездеседі. Студенттер мен оқушылар Telegram арнасындағы «жұмыс ұсынамыз» деген хабарламаларға алданып, өз картасы мен шотын үшінші тұлғаларға беріп қояды. Нәтижесінде ел тұрғындарынан алдау жолымен жиналған қаражат сол адамның картасы арқылы өтеді де, соңында жауапкершілік жеңіл табыс іздеген азаматтың өзіне тіреледі. Дропперлерге қатысты жаза көлемі 3 жылға дейін, ал кей жағдайда одан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан өз шотыңызды, картаңызды, аккаунтыңызды ешкімге бермеңіздер, – дейді полиция қызметкері.
Бұдан бөлек, алаяқтар түнгі уақытта немесе таңға жуық үй телефонына хабарласып, «балаңыз немесе немереңіз жол-көлік оқиғасына түсіп қалды», «ауруханада жатыр» деген секілді жалған ақпарат айтып, үрей туғызады. Артынша өздерін «полиция қызметкеріміз» деп таныстырып, «қылмыстық іс қозғамаймыз» деген желеумен ақша талап етеді. Мұндай жағдайда полиция ешкіммен сөйлеспей, бірден тұтқаны қоюға және күмәнді қоңыраулар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.
Құзырлы орган өкілдері тұрғындарды барынша сақ болуға үндейді: ешкімге банк картасының деректерін, SMS-кодтарды, құпия сөздерді айтуға болмайды, белгісіз сілтемелерді ашпау қажет. Сондай-ақ, «код айтыңыз» немесе «қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» деген ұсыныстарға мүлде сенуге болмайды. Күмәнді жағдай туындаса, дереу полицияға хабарласқан жөн.
Ділназ Серікбай







