6 ақпан күні алауы тұтанатын ХХҮ Қысқы Олимпиада ойындары төрткүл дүниенің терезесін қағып тұр.
Италияның Милан және Кортина-д Ампеццо қалаларында өтетін байрақты додаға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады. Үміттің шоғын үрлеген Қазақстан құрамасы да қарт құрлыққа аттанды. Милан қаласының Сан-Сиро стадионында болатын Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның туын шорт-тректен ҚР халықаралық деңгейдегі еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша мен шорт-тректен халықаралық деңгейдегі спорт шебері Яна Хан ұстап шығады.
Айтпақшы, XXV Қысқы Олимпиадаға біздің елімізден 36 спортшы қатысып, бақ сынайды. Бабы келіскен саңлақтар мыналар:
фристайл-могул – Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко;
фристайл-акробатика – Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас;
биатлон – екі ер, екі әйел спортшы (баратын спортшылар есімі ұлттық құраманың бапкер-лер кеңесінен кейін анықталады);
тау шаңғысы спорты – Ростислав Хохлов, Александра Скороходова;
шаңғы қоссайысы – Шыңғыс Ракпаров;
шаңғы жарысы – Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина;
шаңғымен тұғырдан секіру – Данил Васильев, Илья Мизерных;
конькимен жүгіру спорты – Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко;
шорт-трек – Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан;
мәнерлеп сырғанау – Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.
Спортшылардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан болып отыр. Атап айтқанда, аймақтар бойынша Ақмола облысынан – 9, Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан – 8, Алматы қаласы –7, Қостанай облысы – 5, Шымкент қаласы – 4, Павлодар облысы – 3, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан бір-бір спортшыға сенім артылады.
– Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы бөлінген қаржының жалпы көлемі 13,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде федерациялар есебінен – 585,0 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, оған қоса туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге қаралды, – дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.
Төрт жылда бір айналып келетін Олимпиада ойындарында қай спортшының бағы жанып жүлделі боларын болжап айту қиын. Әйтсе де құрама команда сапында әлемдік додаларда топ жарған, жүлделі болған сайыпқырындар баршылық. Сөз реті келіп тұрғанда тарихқа да қысқаша тоқтала кетейік.
Қазақстан Республикасы Олимпиада ойындарында жеке команда ретінде алғаш рет 1994 жылы ғана өнер көрсеткені белгілі. 1988 жылға дейін қазақстандық спортшылар КСРО құрамасының құрамында өнер көрсетіп келді. Алайда КСРО ыдырағаннан кейін – 1992 жылы Барселонада өткен жазғы Олимпиадаға және 1992 жылы Альбервилде өткен Қысқы Олимпиадаға қазақстандық спортшылар Олимпиада туы астында Біріккен команда құрамында қатысты. Тек 1994 жылы Лиллехаммерде өткен дәл осы Қысқы Олимпиада ойындарынан бастап Қазақстан өз туы астында жеке құрама ретінде ұсынылды. Содан бері қазақстандықтар 7 жазғы және 7 Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, тиісінше 72 және 8 медаль жеңіп алды.
1994 жылы Норвегияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 8 спорт түрінен 29 олимпиадашы қатысты. Шаңғымен тұғырдан секіруші Қайрат Биекенов Туды ұстап шықты. Жалпымедальдық есепте еліміз 50 шақырымдық жарыста топ жарып, 10 және 15 шақырымдық жарыстарда екінші келген шаңғышы Владимир Смирновтың арқасында бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, 12-орынға тұрақтады.
4 жылдан кейін Жапонияның Нагано қаласында 1998 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан спорттың 8 түрінен 60 адам (45 ер адам және 15 әйел адам) өнер көрсетті. Бұл жолы «шаңғы жарысы» санатында 15 шақырымдық жарыста үшінші болып келген Владимир Смирнов ту ұстаушы болды. Сондай-ақ 5000 метрге шаңғы жарысында Людмила Прокашева үшінші орын иеленді. 1998 жылғы ойындарда осы екі қола медальға ғана қол жеткізілді.
Қазақстан 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен Қысқы Олимпиада ойындарына да қатысты, алайда бірде-бір медальға қол жеткізе алмады. Ел құрамасы спорттың жеті түрінен 50 спортшыдан (20 ер адам, 30 әйел адам) тұрды. Ту ұстаушы конькиші Радик Бикчентаев болды.
Туринде өткен ХХ Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан спорттың 4 түрі мен 7 дисциплинасына (биатлон, тау шаңғысы спорты, коньки спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл және хоккей) 67 спортшы қатысты.
Алтын медаль үшін Қазақстан үкіметі спортшыларға 200 000 доллардан төлеуге дайын болды, бұл Олимпиада ойындарына қатысқан кез келген басқа ел төлейтін ақшадан артық. Екінші орынға 150 мың доллар, үшінші орынға 50 мың доллар, төртіншіден алтыншыға дейінгі орындарға 30 мың доллардан төлеу көзделді. Ойын қорытындысы бойынша құрама бір медаль да ала алмады.
2010 жылғы Канаданың Ванкувер қаласында болған қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан үш спорт түрінен 37 спортшы қатысты. Ашылу салтанатында Қазақстан Туын биатлоншы Диас Кенешов көтеріп шықты. 12 жыл үзілістен кейін жерлестеріміз қайтадан қысқы Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілді. Биатлоншы Елена Хрусталева Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол 15 шақырымдық жекелей жарыста медальға ие болды. Аталған сайыста Хрусталева бар болғаны 20,7 секунд айырмашылықпен қарсыласына есе жіберіп, мәреге екінші болып жетті.
2014 жылғы 7-23 ақпан аралығында Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасына спорттың 11 түрінен 58 спортшы кірді. Әйгілі спортшы – Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың қола жүлдесіне ие болды. Қысқа бағдарламадан кейін тоғызыншы орында тұрған Денис Тен еркін бағдарламада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.
2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан спорттың 4 түрінен 44 спортшы қатысты. Ойындардың ашылу және жабылу салтанатында да Қазақстан Туын Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы – шорт-трекші Абзал Әжіғалиев көтеріп шықты. Ойындардың қорытындысы бойынша фристайлшы Юлия Галышева могулдан қола жүлдеге қол жеткізіп, бейресми медаль кестесінде Қазақстан құрамасы 28-орынды иеленді.
Жалпы алғанда, қазақстандық спортшылар Қысқы Олимпиада ойындарында барлығы сегіз медаль еншілеп отыр.
Енді, міне, ХХҮ Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Теледидар алдында тақымымызды қысып отырып отандастарымыздың тілеуін тілейміз. Оғландарымыз олжалы болып жатса, еліміздің абыройы емес пе. Қай спортшының жұлдызды шағы туар екен?
Ж.Жәлелұлы






