Биылғы жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын өрге бастырудың тетіктерін айта келе, көздеген мақсаттарға жетуде энергетика саласын дамытудың маңызы ерекше екенін атап өткені белгілі. «Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар» – дей келе, Президент заманауи технологияларды қолдана отыра көмірді толық пайдалану қажеттігіне тоқталып, «Көмірмен қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс» екенін айтып, Үкіметке жобаны әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы жүктеп отырған бұл міндеттің Павлодар облысы үшін, оның ішінде Екібастұз өңірі үшін маңызы зор. Тас көмірді отын ретінде жағып Екібастұздағы МАЭС-1, МАЭС-2 станциялары елімізге қажетті электр энергиясын өндіріп отыр емес пе. Осы орайда, Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасауды жоспарлап отыр», – дей келе, Екібастұздағы МАЭС-2 станциясының қосымша энергоблоктарын уақытылы іске қосу, МАЭС-3 станциясының құрылысын жеделдетуді тапсырды.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру – атқарушы билікке міндет. Ұлттық құрылтайдан соң іле-шала Павлодар облысының әкімдігі іске кірісті. Атап айтқанда, «таза көмір» технологияларын енгізе отыра, көмір генерациясын дамытудың Ұлттық жобасын әзірлеу қолға алынды. Бұл орайда, Екібастұз көмір алабының энергетикалық қуаты базасында цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселені шешудің кілті болып табылады.
Ал «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасы Павлодар облысы үшін жаңа перспективаларға: экономиканы диверсификациялауға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға, жас мамандарды тартуға және аймақты еліміздің цифрлық экономикасына кіріктіруге жол ашпақ.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың сөзіне сүйенсек, «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын жүзеге асыру – негізгі инфрақұрылымды: сумен жабдықтау, кіреберіс жолдар салу, телекоммуникациялық тораптар жүргізу, электр қуатымен қамтамасыз етуді кешенді жүргізуді талап етеді. Осылайша, аталмыш жоба Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымының халықаралық қоймасын қалыптастыруға негіз қалайды. Сонымен бірге, цифрлық және есептеу қызметі экспортын арттыруға жағдай туғызады.
Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды жүзеге асыру мақсатында үкіметтік Жол картасы бекітіліп, салааралық жұмыс тобы құрылып, көлемі 200 гектар жер телімі бөлініп отыр. Жобалау және құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдар ішінде атқарылады.
Облыс әкімдігінде болған отырыста энергетиканы дамытуға ерекше көңіл аударылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Екібастұзда МАЭС-2 станциясында қосымша энергоблоктар салу, төрт энергоблогы болатын МАЭС-3 станциясы құрылысын бастау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Ақсу ГРЭС-і мен «Павлодарэнерго» АҚ-на қарайтын ЖЭО-2 модернизацияланып, жел электр станциялары салынады. Нәтижесінде аймақтың энергетикалық қуаты 14 мың мегаватқа жетіп, еліміздегі үлесі 50 пайыздан асады.
Енді инвестициялар туралы сөз қозғасақ, 2026 жылы жалпы сомасы 508,2 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба
іске асырылады. Оның тоғызы – өнеркәсіптік. Сөйтіп 2500 жұмыс орны құрылады. Жалпы, биылғы жылы 18 мың жұмыс орны пайда болады деп күтілуде, оның 13 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.
Үстіміздегі жылы кәсіпкерлікті қолдауға 2,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, облыс шағын бизнесті қолдайтын «Іскер аймақ» жаңа бағдарламасын қалыптастыруға қатысады.
2026 жылы 379 километр автомобиль жолдары жөнделеді. Ертіс өзені үстінен өтетін көпір құрылысы жалғастырылып, теміржол желілері модернизацияланып, Павлодар әуежайының ұшып-қону жолағы реконструкцияланады.
Әлеуметтік салада «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыруға, ұлттық құндылықтарды нығайту мен жастарды қолдауға басымдық беріледі. Білім беру саласында жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыстарды OrtaBilim сервисі арқылы орналастырудың жаңа механизмдерін енгізу, үш ауысымдық оқытуды жою көзделуде.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Торайғыров университеті базасында Tomorrow School ағарту орталығын ашу, E-museum және Е-кітап жобаларында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласында барлық медициналық ұйымдар мемлекеттік ақпараттық жүйелерге кіріктірілген. FaceID және цифрлық кодтарды қолдана отыра фальсификацияға қарсы жобалар жүзеге асырылып, обыр ауруларын ерте анықтау үшін жасанды интеллект пайдаланылмақшы.
Отырыстағы әңгімені түйіндей келе, облыс әкімі шешуші жобаларды жүзеге асыру айрықша бақылауға алынатынын, Президент тапсырмаларының орындалуына әр басшы жеке жауапты болатынын айтты.
Ж.Сәдуақас







