27 қаңтар күні Екібастұз қаласындағы «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен кеңейтілген кездесу өтті. Жиынға Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев, мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жұлдыз Төлебаева, сондай-ақ, «Аналар кеңесі» және «Ассамблея жастары» ұйымдарының жетекшілері қатысып, бірлестіктердің жыл бойғы жұмысы мен алдағы жоспарлары төңірегінде пікір алмасты.
Кездесуде «Достық үйі» жанындағы ұлттық орталықтардың атқарып отырған ісіне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар мәдени көптүрлілікті сақтау, қоғамдағы татулықты нығайту, этносаралық байланыстарды одан әрі жандандыру бағытындағы жұмыстарды талқылап, алдағы кезеңге қатысты бірқатар маңызды міндеттерді айқындады.
Өткен жылдың нәтижелері туралы сөз қозғаған «Достық үйі» КММ басшысының міндетін атқарушы Юлия Мерк этномәдени бірлестіктердің бірқатар жетістіктерін атап өтті.
— «Alash Star» халықаралық байқауында «Горец» би ұжымы шешен биінен І орын, авар биінен ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, татар-башқұрт «Шатлық» орталығы татар өнерінің XXVI халықаралық фестиваліне қатысып, көрермен ықыласына бөленді. Ал «Жастар» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Алина Сурдейкина Қазақстан халқының бірлігі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Екібастұз қалалық мәслихатының марапатына ие болды, — деді ол.
Бүгінде «Достық үйі» жанында 24 көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Оның ішінде 7-еуі – балалар ұжымы. Жалпы қатысушылар саны 300-ге жуық. Бұл – қала тұрғындарының мәдени өмірге белсене араласып, түрлі ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып отырғанының айғағы.
Отырыста жыл бойы атқарылған мәдени-ағартушылық жұмыстар да кеңінен баяндалды. 2025 жылы 145 іс-шара өткізіліп, жалпы қамту 29 мыңға жуық адамды құраған. Аталған шаралар қатарында шығармашылық фестивальдар, мерейтойлық кештер, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар, ұлттық және кәсіби мерекелерге арналған бағдарламалар бар.
Сонымен бірге өзге этнос өкілдерін мемлекеттік тілге баулу, жексенбілік мектептер арқылы мемлекеттік және ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың да жүйелі жалғасып келе жатқаны айтылды. Бұдан бөлек, офлайн форматта аға буын азаматтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.
Кездесуде сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев алдағы уақытта этносаралық саясатты дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық орталықтардың жұмысы мәдени шаралармен ғана шектелмей, қоғамдағы бірлікті күшейтуге бағытталған мазмұн-
мен де толығуға тиіс.
Ділназ Серікбай








