Нарықта не көп – шай көп. Қазақ өзі шай өсірмесе де, үнді мен пәкістандық шайдың сыртын қаптап, қазақша ат қоюға шебер. Дүкенге кірсең, әлем-жәлем қаптамадағы қалың шайдан көз сүрінеді. Осындай бір шай атауы бір қызық әңгімеге арқау болғаны бар.
Бір жолы марқұм әке-шешемізге құран бағыштайық деп кісі шақырудың қамына кірістік. Әдетте мұндайда азық-түлікті түгендейтін бір пысық табылады емес пе. Бұл жолы «пысықтардың» қолы тимей, бұл шаруа бала қарап үйде отырған маған жүктелді.
Өз басым шайды баптап ішетіндердің қатарынан емеспін. Шай ішпесе басы ауырмайтын, «біртүрлі» қазақпын. Мұндайда қою күрең шайды талғап ішіп, қай жерде қандай шай сатылатынын бес саусағындай білетін Люба әріптесіміз еске түседі.
Тізімдегі шайдан басқасының бәрін алып, дүкенде шай сөресінің алдында тұрып қалдым. Шай таңдап қарық қылмасымды түсініп, жеңгеме қоңырау шалдым.
– Апамның шайын алсайшы. Жұрттың бәрі соны мақтайды, – деді ол да шайқор емес екенін аңғартып.
Жеңгем менің шешемді де, апайымды да «апа» дейтін. Содан ең алдымен апайыма хабарластым.
«Солай да, солай. Үйіңде керемет шай бар екен. Атын айтып жіберші, дүкенде тұрмын», – деймін ғой баяғы.
– Мен көшеде жүр едім. Келін үйде, соған хабарласшы. Үйге керектісін өздері алады ғой, – деп асығыс жауап қатты.
Келінге хабарлассам:
– Темір қалбырдағы ма, әлде қағаз қорапшадағы ма? – деп өзімнен сұрайды.
– Айналайын-ау, мен қайдан білейін? Марал жеңешем мақтаған шай қайсысы еді, соны айтшы, – десем:
– Мама келгесін сұрап көрейін, – деп майысты.
Жазған құлда шаршау бар ма, қайтадан жеңгеме қоңырау шалдым да:
– Апаң көшеде жүр екен. Қай шай еді өзі, атын есіңе түсірші? – деп тақымдадым.
– Апамның шайы деймін. Олар да алып жүр. Кез келген дүкенде сатылады, – деді жеңгем.
Осы тұста оның менің шешемді де «апа» дейтіні есіме түсіп, сол үйдегі жеңгеме хабарластым.
– Айеке, сіздің үйде жақсы шай бар дейді. Атын айта қойшы, – дегенім сол-ақ екен, жеңгем Пәкістан-Үндістанның шай маркаларын тізіп кеп берсін. «Әлгі қоңыр қорапшадағысы ең жақсысы», – деп әрең тоқтады.
Шынымды айтсам, он шақты атаудың екеуі ғана есімде қалды. Оның өзін телефонды қойған соң ұмытып қалдым.
Шай сол күні алынбады. Ертеңіне «Қай апаңның үйінен көрдің?» – деп жеңгеме жетіп бардым.
Жеңгем ернін сылп еткізіп, ас үйдегі шкафтан сыртында айқайлап тұрған жазуы бар шайды алып шықты. Қарасам, қаптамасында «Апамның шайы» деген атау тұр.
Сөйтсем, дүкендерде «Апамның шайы», «Атаммен шай», «Жұмыстың шайы» деген аты қызық шай аз емес екен. Шай сөрелеріне қараған сайын осы оқиға еріксіз есіме түседі…
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ






