Елімізде жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау барысында бірқатар шай өнімдерінің құрамында тағам өндірісінде қолдануға тыйым салынған зиянды қоспалар бар екені белгілі болды.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының мәліметінше, зертханалық тексеру нәтижесінде Қазақстан аумағында сатылып жатқан шамамен 10 түрлі шай қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Тексеру кезінде дүкен сөрелеріндегі кейбір қара шайлардың құрамынан тыйым салынған, шайға қосуға болмайтын «Күнбатыс» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бояғыштары анықталған.
Мамандардың айтуынша, бұл қоспалар шайдың түсін қанық әрі тартымды етіп көрсету үшін қолданылады. Алайда олардың адам ағзасына тигізер зияны аз емес. Мысалы, E110 шайға сарғыш-қызғылт рең берсе, E102 өнімді ашық түске бояйды. Ал E124 бояғышы аллергиялық реакция тудырып, әсіресе, демікпесі бар адамдар үшін қауіп төндіреді.
Аталған бояғыштар «Апамның шайы Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «БАЛҚИЯ Premium gold», «Aje Onim», «Al-Hayat Gold», «Al-Jannat Premium», «Alfarah» шай өнімдерінің құрамынан табылған. Қазіргі таңда бұл шайлар сатылымнан алынып тасталған.
Тексеру барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталған. Кейбір өндірушілер шай қаптамасында өндірілген және қапталған жері туралы жалған мәлімет көрсеткен. Ал кейбір өнімдерде бұл ақпарат мүлде жазылмаған немесе тиісті рұқсат құжаттары болмаған. Нәтижесінде шай шығарған 7 компанияның сертификатының күші жойылған. Өндірушілерге дүкендер мен базарларға таралған өнімдерді кері жинау тапсырылғанымен, тыйым салынған шайлар кейбір сауда орындарында әлі де кездесіп қалады.
Қаламыздағы бірнеше дүкенді аралап, сатушылармен тілдестім. Мәселен, қаламыздағы «Сенім» дүкенінің шай сататын бөлімінде тыйым салынған «Апамның шайы» мен Al-Jannat шайлары әлі де сөреде екен. Сатушылар «Бұл – соңғы өнімдер», – дегенді желеу етуде.
— Осы партия сатылып біткен соң, енді мұндай шайларға тапсырыс бермейміз. Тыйым салынғаны туралы хабардармыз, – дейді олар.
«Сарыарқа» сауда үйіндегі шай сататын бірақатар бутиктен аталған атышулы өнімдерді кездестірмедік. Дегенмен кейбірінде «Апамның шайы» әлі де сатылып тұр. Сатушылар бұл жағдайдан хабардар екенін, жақын арада өнімді алып тастайтынын айтты.
Санитар мамандар шайдың құрамында бояғыштың бар-жоғын қарапайым жолмен де анықтауға болатынын айтады. Егер шай тым қанық түске боялып, дәмі ерекше жұмсақ әрі жасанды болып сезілсе, оның құрамында бояғыш болуы мүмкін.
Мамандардың сөзінше, табиғи шайдың адам ағзасына пайдасы мол. Бұрын ата-бабаларымыз шайды жиі тұтынған, ол асқазанға пайдалы әрі ағзаны түрлі зиянды әсерлерден қорғаған. Ал жасанды бояғыштары бар шайлар асқазан-ішек жолдарына кері әсер етіп, гастрит, панкреатит, холецистит секілді созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайын ушықтыруы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан шайды көп тұтынатын елдердің қатарында. Статистикалық деректерге сәйкес, еліміз шай ішу көрсеткіші бойынша Түркия, Марокко, Ирландия мен Ұлыбританиядан кейін бесінші орында тұр. Бір адам жылына орта есеппен 1,5 келі шай тұтынады. Соңғы тексерулер нәтижесінде ел аумағында 600 келіден астам сапасыз шай тәркіленген.
Ділназ Серікбай






