Таяуда перзентханаға жол түсті. Нақты айтқанда, сәбиін дүниеге әкелген ананың перзентханадан салтанатты шығу рәсіміне қатыстым. Мұндай рәсім үшін есігі бөлек арнайы бөлме қарастырылған.
Нәресте – жаңа бір өмір бастауы, отбасына орасан қуаныш сыйлайтын тіршілік иесі. Отбасының ғана емес, мемлекеттің, ұлттың тынысын кеңейтетін, демографияға үлес қосатын кішкентай адам. Кім де болса жаңа туған сәбидің өмірге қадамынан жақсылық, жарқын жол іздейтіні анық.
Мынадай қым-қуыт заманда дүниеге сәби әкелу оңай емес. Адамдарды қымбатшылық қыспаққа алып тұр, балабақша ақылы, бәрі қымбат. Соған қарамастан «Әр баланың өз ырзығы бар» деген тәмсілді ұран етіп, дүниеге көп бала әкеліп жатқандар баршылық.
Өкініштісі, қаламыздағы перзентхананың сәбиді салтанатты түрде алып шығатын бөлмесі ата-аналардың үміт пен сенімге толы жарқын көңіл күйіне әсте сай емес екен. Баспалдақтары сынған. Бұрыштағы талғамсыз жасалған мыжырайған баннерде «Адамның бір қызығы бала деген…», «Бүгінгі сәби – ертеңгі ұрпақтың жалғасы» деген жазулар бар. Баннер қалай болса солай орналасқан. Жұрт барды қанағат тұтып, сол жерде естелік суретке түсуде.
Негізі, перзент – осы ғимараттағы барлық жанкешті тірліктің, табалдырықтан аттаған әрбір келушінің ең түпкі мақсаты және нәтижесі, өмірлік мұраты. Ал енді өмірлік мұратқа неге осылайша салғырт, немкетті қарап отырмыз? Неге күн сайын осы жерден қуанып шығатын адамдардың шаттығына сынық баспалдақ төселіп, мыжырайған баннер ілінген?
Видео түсіріп жүрген жігітпен аз-кем тілдестік.
– Бізге бұл бөлмені жалға берсе, өзіміз жөндеп, әрлеп алар едік. Бірақ бергілері келмейді, – деді ол.
Біздіңше, осы бір шағын бөлмені әдемі қалыпқа келтіру соншалық қиын емес. Егер ниет болса, әрине. Қалталы азаматтардың өзі-ақ жөндеп беретініне шүбә жоқ. Бірақ перзентхана басшылығына бәрібір сияқты…
Ж.ӘБДІКӘРІМ






