23 қаңтар күні Павлодар қаласындағы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында қаламгер Жассерік Сәдуақасовтың қос туындысы – «Елқонды ұрпақтары» және «Жиған-терген» кітаптарының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге Елқонды ұрпақтары: Бөкен Қызғарин, Зейнілқабиден Құсайынов, Фатқұлден Кәменов, Қабылбай Байғожин, Бадылхан Қарабаев, Ерболат Байғожин, Серік Ерғалиев және тағы бірқатар азаматтар, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Экраннан Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихы баяндалған «Ежелгі қоныс – құт мекен» деректі фильмі көрсетіліп, модератор, ақын Айбек Оралхан екі кітаптың авторы Жассерік Жәлелұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы сөз қозғай келе:
– «Елқонды ұрпақтары» кітабында қазақ шежіресінің терең қатпарларынан сыр тартқан тағдырлы әулет тарихы кеңінен қамтылады. Автор Елқонды бабаның тегі мен өмір жолын құрғақ дерек ретінде емес, ұрпақ жадында сақталған тарихи оқиғалар, ел аузындағы әңгіме және шежірелік мәліметтер арқылы жанды бейнелейді. Кітаптың алғашқы бөлімдерінде бабаның бала кезінде қалмақ қолына олжа болып түсуі, оны Өтеген батырдың жау ауылынан құтқарып қайтуы ерлік пен бауырмалдықтың нышаны ретінде баяндалады. Есейе келе өжеттігімен танылған Елқондының 12-13 жасында-ақ намыс туын жықпай, жылқыға тиген ұрыларға айбар көрсетуі оның батырлық болмысын аша түседі. Жаугершілік заманда жер қорғаған қаһарманның Шығыс Қазақстандағы шайқаста мерт болып, сүйегінің атақонысы — Жаудыркөзге жеткізілуі де тарихи сабақтастықпен өрілген. Автор Елқондының үш ұлы – Ескене, Есназар және Есеттен тараған ұрпақтың Ақкөл-Жайылма өңірінде іргелі елге айналуын нақты деректермен негіздейді. Ф.А.Шербинаның экс-
педициялық материалдарына сүйене отырып әулеттен шыққан Нанбай Бекжанов, Базарбай Нанбайұлы сынды ел билеушілер мен Бектемірұлы Қуандық сынды қажылардың есімдерін тізбектейді.
Кітаптың ең ауыр әрі тағылымды парақтары Кеңес өкіметі орнаған соң басталған кәмпескелеу мен қуғын-сүргін жылдарына арналған. Автор «бай мен кедей» болып жарылған қоғамдағы Мырзатай, Сансызбай, Құлшынбай ұрпақтарының тартқан тауқыметін ашына жазады. Қыдырбай Мырзатайұлының Қиыр Шығысқа, Хабаровск өлкесіне дейін жер аударылуы, жат жердегі арбакештік тағдыры және араға жарты ғасыр салып оның жары Зура мен ұлы Төкеннің атамекені Павлодарға оралуы рухтың жоғалмайтындығын паш етеді, – деп, сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Елқонды ұрпақтары» кітабы жайлы құнды пікір білдірді.
Осыдан кейін қадірлі ел ағалары: Зекен Құсайынов, Фатқұлден Кәменов, Қажымұрат Қожасов кітаптың лентасын қиып, шашу шашылды. Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин, білім беру саласының ардагері Қабылбай Байғожин, ауыл шаруашылығы еңбеккері Әлғамбар Қайыров сөз сөйлеп, кітап авторына алғыс айтты.
Тұсаукесер рәсімінде бұдан кейін әңгімеге 2024 жылы баспадан шыққан «Жиған-терген» кітабы арқау болды.
– Жассерік Жәлелұлының екінші туындысы – «Жиған-терген» кітабы – Ақкөл-Жайылма өңірінің асылдары мен жайсаңдарын тарихтың алтын парақтарына айналдырған өмірлік жинақ. Кітаптың бірінші тарауы «Ақкөл-Жайылма жайсаңдары» деп аталып, Исабек ишан мен Уфада оқыған зиялылардан бастап киелі Жеміс әулие, Жәкең қожа, қазақ әнінің падишасы Естай ақын, палуан Жылқыбай және Ақкөлден шыққан тұңғыш жазушы Мейрам Асылғазинге дейінгі рухани шамшырақтардың өмірін баяндаса, автор туған жердің киелі географиясын – Қараоба ескерткіштері мен Қаражардың этнографиялық байлығын да зерттеген. Кітаптағы «Зауал», «Жарымес ұл», «Келіншек мұңы» секілді әңгімелер адамгершілік пен тағдыр тәлкегі төңірегінде ойландырса, соңғы тараудағы «Қазақ сөзінің қуаты», «Қазақтың ыстық құшағы», «Қазақ ән-күйінің құдыреті» көсемсөздерінен автордың ана тіліне, ұлттық мұраға деген шексіз құрметі айқын көрінеді, – деген ақын Айбек Оралхан сөз кезегін авторға ұсынды.
Кітап авторы Жассерік Жәлелұлы «Жиған-терген» кітабына енген тарихи тұлғалар туралы әңгімелеп, тұсаукесер рәсімін ұйымдастырған жазушы Айбек Оралханға, Қабылбай Байғожинге ризашылық білдіріп, екі кітаптың бір-бір данасын кітапханаға сыйлады.
Ж.Бұланбайтегі








