23 қаңтар күні қаламыздағы өлкетану музейінде көрнекті ғалым, абайтанушы, жазушы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қайымның қаламы, Естайдың әуені» атты еске алу кеші өтті. Тағылымды шараға колледж студенттері мен қоғам белсенділері қатысты.
Қайым Мұхамедханов – Алаш арыстарының соңғы тұяғы, ұлт руханиятының шын жанашыры. Ол ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өсиетін өмірлік ұстанымына айналдырып, Абай шығармашылығын зерттеуге бар ғұмырын арнады. Кемел ойлы ғалымның соңында қалған мол мұрасы бүгінгі қазақ әдебиеті мен ғылымының сарқылмас қазынасына айналды.
Ғалым 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен қазақтың біртуар тұлғаларының тәлім-тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов – Алашорда қозғалысының белсендісі, қазақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. 1921–1937 жылдары әкесінің қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты отбасының бар ауыртпалығы жас Қайымның иығына түсті. Ол 15 жасынан бастап түрлі салада еңбек етіп, кейін ұстаздық жолды таңдады. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлайтын курсты аяқтап, Семей педагогикалық институтын 1941 жылы тәмамдады. Ұстаз ретінде 60 жылдан астам уақытын білім мен тәрбие ісіне арнады.
Алайда әкесінің тұтқындалуына байланысты Қайым Мұхамедханов педагогикалық институттан шығарылды. Осы қиын кезеңде оған рухани қолдау көрсеткен Мұхтар Әуезов өмірінің соңына дейін шәкіртіне демеу болды. 1951 жылы «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбындағы диссертациясын қорғағанымен, саяси айыптаулардың салдарынан қызметінен босатылып, кейін тұтқындалып, Семей мен Алматы түрмелерінде, одан соң Қарағанды лагерінде жазасын өтеді. Қандай азап көрсе де, рух беріктігін сақтай білді.
Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық мұрасы да аса бай. Ол 100-ден астам өлең мен поэма, сондай-ақ, бірқатар драмалық шығармалар жазып, қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты.
Еске алу кешінде Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, жазушы Жұмағали Қоғабай, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сайлау Байбосын, естайтанушы Серік Занов ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, Қайым Мұхамедханов пен Естай Беркімбаевтың арасындағы рухани-мәдени сабақтастыққа тоқталып, олардың қазақ мұрасын сақтау мен дамытудағы ортақ еңбегі атап өтілді. Тағылымға толы кеш ұлт руханиятының ірі тұлғасына тағзым етіп, жас ұрпаққа өнегелі өмір жолын танытқан маңызды мәдени шара болды.
Ділназ Серікбай








