1 ақпаннан бастап мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Нақтырақ айтсақ, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылаудың арнайы тәртібі бекітіліп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілмек.
Жаңа тәртіпке сәйкес, уәкілетті органдар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарды алдын ала хабарламай, кенеттен тексеруге құқылы. Яғни, олар бақылау талаптары бұзылғаны туралы сигнал түскен кезде дереу жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Бұл өз кезегінде балалардың қорғалуын, мемлекеттік бақылауды күшейте түседі.
Осы мәселе туралы түсінік берген санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Теміржан Бесенов жоспарлы тексеру әдеттегі тәртіппен өтетінін мәлімдеді:
– Жоспарлы тексерулер ерекше бақылау және қадағалау нысандарының жартыжылдық тізімі негізінде жүзеге асырылады. Тексеру жүргізу жиілігі нысандардың тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес белгіленеді.
Жоспардан тыс тексерулерді ұйымдастыру үшін анонимді шағымдар қарастырылмайды. Бірақ бақылау талаптары бұзылғаны туралы фото-бейне дәлел, уақыты, талапты бұзған мекеменің мекенжайы көрсетілген жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желідегі шағымдарды негізге алып, тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа заң аясында мониторинг жүргізу тәртібі де нақтыланған. Белгіленген тәртіпке сәйкес, мониторинг жүргізу мерзімі 10 күннен аспауы тиіс.
Қала тұрғындары туындаған проблемаларға қатысты Ә.Молдағұлова көшесі, 18 мекенжайына немесе E-otinish платформасы арқылы өтініш-шағымдарын жеткізе алады. Сондай-ақ, 77 50 19 телефоны арқылы кеңес алуға болады.
Кенже ҚУАТ







