Қаламыздағы «Жасыбай» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спорттық акробатика бөлімінің тәрбиеленушілері ірі халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті.
Жас спортшылар 12-17 қаңтар күндері Петропавл қаласында өткен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған XII халықаралық турнирге қатысты. Ауқымды додаға Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 13 қаладан 210 спортшы жиналып, өзара мықтыны анықтады.
Бәсекесі жоғары жарыста екібастұздық акробаттар шеберліктің биік үлгісін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 15 жасқа дейінгі қыздар жұбында Іңкәр Шұғайыпова мен Лиана Сенчикова алтын медаль иеленді. Осы жас санатындағы ерлер жұбында Назар Власов пен Мәди Амангелді қарсыластарын артта қалдырып, бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ, 15 жасқа дейінгі аралас жұптар арасында Самуил Степанов пен Әлия Исенова күміс жүлдеге қол жеткізсе, 15 жасқа дейінгі ерлер төрттігі – Мехди Гасанов, Павел Базылев, Жігер Хасен және Данил Близнюк қола медаль еншіледі. Жас спортшыларды жарысқа тәжірибелі жаттықтырушылар: Артем Чуйко, Айсұлу Баймулдина және Нұрсулу Меңдібаева дайындады.
– Бұл турнирге біз үш құрам апардық: ерлер төрттігі, ерлер жұбы және аралас жұп. Әрі 15 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетті. Нәтижелер көңіл қуантады. Бұл – биылғы төртінші жарысымыз. Акробаттарымыз күрделі элементтерді сенімді орындап, жоғары деңгейдегі шеберлік пен мықты командалық жұмысты көрсете білді. Нәтижесінде жүлделі орындарға ие болып, Павлодар өңіріндегі ең мықты мектептердің бірі екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік, – деді ол.
Ал алтын жүлде иегері Іңкәр Шұғайыпова жарыстан алған әсерін былайша бөлісті:
– Турнир өте керемет өтті. Әр түрлі қалалардан келген спортшылармен достастық, атмосфера ерекше болды. Барлығы бір-біріне қолдау көрсетті. Біз екі апта бойы тыңғылықты дайындалып, еңбегіміздің жемісін көрдік. Қарсыластар да өте мықты, әсіресе, Петропавл спортшылары жақсы дайындықпен келген, – дейді жас спортшы.
Бұл жетістік екібастұздық жас акробаттар үшін жаңа белестерге жол ашып отыр. Алдағы 20–25 ақпан күндері Павлодар қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында спорттық акробатикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда спортшылар бұл маңызды додаға қызу дайындық жүргізуде. Айта кетерлігі, бұл жарыс кейбір спортшылар үшін биылғы алғашқы ірі сын болмақ.
Сонымен қатар «Жасыбай» спорт мектебінің тәрбиеленушілері халықаралық ареналарда да ел намысын абыроймен қорғап келеді. Жуырда Ташкент қаласында өткен Н.И. Лакиза құрметіне арналған «Asian Star» халықаралық турнирінде екібастұздық акробаттар жеңімпаз атанды. Аталған жарысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь және Қазақстан елдерінен 100-ден астам спортшы қатысқан екен.
Ділназ Серікбай








