Қазақстанда Ұлттық скринингтік бағдарлама 2008 жылдан бастап іске асырылуда. Бағдарлама аясында сүт безі, жатыр мойны, колоректальды қатерлі ісікті (тоқ ішек қатерлі ісігі) ерте анықтау үшін белгілі бір жастағы тұрғындарды профилактикалық медициналық тексеру, сондай-ақ, қан айналымы жүйесі, қант диабеті, глаукома ауруларын ерте анықтауға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. 2026 жылдан бастап цереброваскулярлық аурулардың алдын алуға бағытталған жаңа бағдарлама енгізілді, бұл бағытта жедел цереброваскулярлық бұзылыстың алдын алу үшін мойын тамырларының ультрадыбыстық доплерографиясы жүргізіледі.
Скринингтік зерттеулер жасау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Яғни, бұл – сақтандыру мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарына бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер.
– Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтап, оңтайлы емдеуді таңдауға және қандай да бір ауруға бейімділікті анықтап, алдын алуға көмектеседі, – деді бұл туралы №3 емхана дәрігері Гүлбаршын Тобаяқова. – Скринингтен өту үшін азаматтар туған жылдары бойынша бөлінеді.
Артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер 2 жылда бір рет тексеруден өткізіледі. Ал 50 жастан 76-қа дейінгі ер адамдар цереброваскулярлық ауруларды ерте анықтауға жатады. Жиілігі – 2 жылда бір рет.
Скринингтік бағдарламаға онкологиялық скринингтің үш түрі кіреді:
жатыр мойны обырын ерте анықтауға 30-74 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет тексеріледі;
сүт безі обырын ерте анықтауға 40-76 жастағы әйелдер
2 жылда бір рет тексеріледі;
колоректальды обырды (тоқ ішек обыры) ерте анықтауға 50-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер 2 жылда бір рет тексеріледі.
Гүлбаршын Талғатқызы емханадағы медициналық персонал скринингтен өткені туралы халықты телефон арқылы хабардар ететінін, әлеуметтік желілер арқылы шақыратынын, үйлерді аралайтынын айтты. Сондай-ақ, айына бір рет «Ашық есік күні» өткізіліп, кез келген адам өз шағымдарымен жүгіне алады.
Скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібі тамақтану, жаман әдеттер, аурулар бойынша тұқым қуалайтын ауырлық, физикалық белсенділік деңгейі туралы сұрақтары бар скринингтік тесттен басталады. Бой, салмақ, қан қысымы өлшенеді. Қант диабетін, триглициридтерді және қандағы холестеринді анықтау үшін гликолизденген гемоглобин (соңғы 3 айдағы қанттың (глюкозаның) орташа деңгейін көрсететін қанның биохимиялық көрсеткіші) анықталады, көзішілік қысым өлшенеді.
Зерттеуде патологиялық өзгерістер анықталса, пациентті емхананың бейінді мамандары қарап, емдейді.
Скрининг көптеген азаматқа қатерлі аурулардың алдын алуға мүмкіндік берді. 2025 жылы осындай жолмен 11 әйелде – сүт безі обыры, 3 әйелде – жатыр мойны обыры, 1 адамда колоректалды қатерлі ісік ерте сатыда анықталған.
– Онкологияға күдікті пациенттерге уақытылы диагностика жүргізу үшін емханада пациенттерді тексеру мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» жұмыс істейді. Онкологияға күдік туған жағдайда пациенттер шұғыл түрде бейінді мамандарға жіберіледі, – дейді дәрігер.
Бүгінде ел көлемінде бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі, екінші орында тері қатерлі ісігі және үшінші орында өкпе рагі тұр екен. Скринингтің маңызды екенін айтқан Гүлбаршын Тобаяқова тұрғындарды медициналық тексеруден өз уақытында өтуге шақырады.
Скринингтен өту үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болғаны жөн. Кабинеттер емханада сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ






