23 қаңтар күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Заң және тәртіп» атты өңірлік құқықтық квест ұйымдастырылды. Ауқымды шараға қала мектептерінен 1500-ге жуық оқушы қатысты. Іс-шара Екібастұз қаласының білім бөлімі, прокуратура және полиция басқармасының бірлесуімен «Адал азамат» бағдарламасы аясында өтті. Оның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі мол азамат қалыптастыру.
Квесттің ашылуы мектеп оқушыларын қамтыған жаппай интерактив форматында өтті. Бұдан кейін қатысушылар белгіленген құқықтық маршрут бойынша барлық кезеңдерден кезек-кезегімен өтіп, әр алаңда түрлі тапсырмаларды орындады.
Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова құқықтық тәрбиенің маңызын атап өтті:
– Заң – тек тыйым салу емес, ең алдымен, қауіпсіз өмірдің негізі. Бұл квесттің ерекшелігі де осында. Балаларға дайын ақпарат берілген жоқ, олар нақты өмірде кездесетін жағдайларды өздері талдап, шешім қабылдады, пікірталасқа түсті. Сол арқылы заңның күнделікті өмірмен тығыз байланысты екенін түсінді, – деді ол.
Квест аясында 9 интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар сот процесін модельдеуге, құқықтық дебаттарға, зияткерлік баттлдарға қатысты. Сондай-ақ, психологиялық тренингтерден өтіп, құқықтық бағыттағы цифрлық жобаларды әзірледі. Бұған қоса, оқушылар қала прокурорымен тікелей эфирге шығып, өздерін алаңдатқан сұрақтарға ашық әрі нақты жауап алды. Әр алаңда прокуратура және полиция қызметкерлері балалармен бірге жұмыс істеп, тәжірибелерін бөлісті.
Шарада Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов құқықтық мәдениет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Қоғамдағы тәртіптің болашағы – бүгінгі балалар. Егер біз оларға ерте жастан заңды түсіндіріп, құқық пен міндеттің қатар жүретінін үйрете алсақ, саналы, жауапкершілігі жоғары азаматтарды қалыптастыра аламыз. Құқықтық тәрбие тек мектеппен шектелмеуі керек, ол отбасынан, күнделікті өмірден басталады. Осындай іс-шаралар балалардың заңды құр талап ретінде емес, өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауына мүмкіндік береді, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, квест барысында қолданылған материалдар мен тәжірибелік кейстер алдағы уақытта өңір мектептерінде пайдаланылып, құқықтық ағарту жұмыстарының аясын кеңейтуге негіз болмақ.
Ділназ Серікбай








