Биыл қыс қарлы болып тұр. Қала тұрғындарының қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер қар тазалау жұмыстарына күшейтілген режимде кірісті. Қысқы маусымда қала көшелерін қардан тазалауға бюджеттен 551 миллион теңге бөлінген.
Бұл туралы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы Жәнібек Увалитов қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Көшелер мен әлеуметтік нысандарды қардан тазалау бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Алдымен негізгі көлік қозғалысы бар көшелер аршылады, одан кейін әлеуметтік нысандардың маңайы тазаланады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін көктайғақ кезінде автожолдар мен тротуарларға арнайы реагенттер себіледі, – деді ол.
Бөлім маманының айтуынша, қар қалың түскен күндері коммуналдық қызметтер әдеттегі сағат 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейінгі жұмыс кестесімен шектелмей, түнгі уақытта да тоқтаусыз еңбек етеді.
Қала аумағында қар тазалау жұмыстарын «Коммунсервис», «Диас-Дар», «Ардабил» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарады. Қысқы маусым басталғалы аталған кәсіпорындардың күшімен қала сыртындағы арнайы орындарға 40 тоннаға жуық қар шығарылған.
– Қызмет көрсетуші коммуналдық кәсіпорындар техникалық базасын жаңартып, жаңа тиегіш және сыпырғыш техникалар сатып алды. Бұл өз кезегінде тазалау жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ж.Увалитов.
Қар тазалау жұмыстары қала ішіндегі көшелермен қатар трассаларда да жүргізілуде. Сондай-ақ елді мекендер мен ауылдардың маңы да тұрақты түрде қардан аршылып отыр.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







