Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Ерсайын Аушакимов өңірде салынып жатқан тұрғын үйлер туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен бесқабатты 3 тұрғын үй пайдалануға берілген. 2-шағынауданда орналасқан бұл үйлерде барлығы 180 пәтер бар. Аталған пәтерлер несие бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банк» АҚ арқылы сатылуда.
Сондай-ақ, өткен жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан 2 үйде – 80 пәтер, Энергетиктер көшесіндегі екі үйде 72 пәтер бар. Ал Бұқар жырау көшесіндегі тұрғын үй 60 пәтерден тұрады. Аталған үйлердегі жалпы саны 198 пәтер тұрғындардың әлеуметтік осал санатына сатып алынған.
Ағымдағы жылы 9-шағынауданда бес қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Жалпы ауданы 9,36 мың шаршы метр болатын, 120 пәтерге арналған үйлерді «Гидропром» ЖШС салмақ.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің есебінен Мұхтар Әуезов және Бұқар жырау көшелерінде тағы екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл пәтерлер де баспана кезегінде тұрған азаматтарға несие шартымен ұсынылады.
Соңғы жылдары салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына қатысты сын-пікірлер де айтылып жүр. Алайда тұрғындар үш жыл кепілдік мерзімі ішінде мердігер компанияларға шағымданып, анықталған кемшіліктерді жоюды талап ете алады.
Айта кетейік, 2025 жылдың мамыр айында тұрғын үй бөлудің бірыңғай жүйесі іске қосылды. Енді баспанаға мұқтаж кез келген азамат «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегіне тұра алады. Басты талап – өтініш берушінің атына соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ







