Ақкөл ауылдық округі өңірдегі басқа ауылдармен салыстырғанда, биыл да «Отарқа» газетіне көбірек жазылды. Баспасөзді бағалайтын бұл елде іскер азаматтар қарамағындағы ауылдастарына қайырымдылық есебінде газетке бір жылға жазылу абонементін сыйлайтын жақсы үрдіс бар. Мәселен, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров шаруашылық жұмысшыларына үнемі газет жаздыртып келеді.
Әрі ол газеттерді жеткізуді де өз мойнына алған. Оған қоса биыл Зеленая рощадан шыққан Абай Смаилов, Сәдібек Қабылтаев, Қуандық Айтымаев, Зейнолла Жақсыбаев сынды кәсіпкерлер ауылдағы зейнеткер ата-апаларға 2026 жылға «Отарқа» газетіне жазылуды тарту етті.
– Қаңтардан бастап газетті үзбей алып келеміз. Өңірде болып жатқан игіліктермен газет арқылы танысуға мүмкіндік берген ауылымыздың азаматтарына алғысымыз шексіз! – дейді қариялар.
Өзіне ғана емес, айналасындағыларға да ізгілік сыйлап жүрген осы аға-бауырларымызға газет ұжымы риза. Әрдайым істеріңіз оңға басып, табыстарыңыз еселенсін!
А.Зайыргелді






