«Амандық хабар
Аттай шабар.
Гүлденген әлем,
Ауылдан сәлем!».
Кеңес дәуірінде дос-жаранмен хат жазысқан әрбір адамға таныс жолдар. Ол кезде пошта ел мен елді, жер мен жерді байланыстырып тұратын оты суымайтын бір ошақ еді. Руханияттың табалдырығы. Лауазымы мен біліміне қарамастан ауыл-ауылдың әрбір адамы осы мекеннен құшақ-құшақ газет-журнал әкетіп, жан сарайын нұрландыратын. Малшылар газетті саптама етіктің қонышына бүктеп салып оқитын, мұғалімдер сабақтарына қолданатын. Өкініштісі, қазір жалпақ жұрт газет-журналдан қол үзіп, әлеуметтік желідегі өсек-аяңнан аспайтын болды. «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады», – деп ел Президенті де жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында қынжылыс білдірген болатын. Газет-журнал оқуға қызығушылықтың кемуі қоғам санасына ғана емес, әлеуметтік салаға да өз салқынын тигізуде. Оқырман санының азаюынан поштада штаттар мен бөлімшелер қысқаруда.
«Отарқа» газетінің редакциясына пошта қызметінің сапасына наразы адамдар жиі хабарласады. Белсенді оқырмандардың бірі – зейнеткер ұстаз Жеңіс Мейірман өзінің облыстық, республикалық басылымдарға жазылғанын, бірақ газет-журналдар екі аптада бір келетінін айтады. Зерделеп көрсек, 136 116 тұрғыны бар Екібастұз қаласында бүгінгі таңда бар-жоғы 4 пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұр екен (Энергетиктер, 93, Мәшһүр Жүсіп, 42, Шешембеков, 15, Кеншілер, 4).
Ал ауылдарда бір-бір пошташыдан болғанымен, олардың бірі кітапханада, енді бірі мектепте отыратын көрінеді. Негізі, өңіріміздегі жалпы ауыл саны – 26, барлық тұрғындар саны – 7781. Зеленая роща, Бесқауға, Сарықамыс ауылдарында пошташы мүлдем жоқ. 1032 тұрғыны бар (Ақкөл – 582, Зеленая роща – 382, Жақсат – 69) Ақкөл ауылдық округінде пошта мәселесінің ушығып тұрғанына біраз болды. Неге екені белгісіз, мұндағы пошташының қолына тиетін жалақы небәрі 18 мың теңге ғана екен (бұрын 7 мың теңге болған). Бұлай болуына бір штатты бірнеше ауылға бөлу себеп сияқты. Сәлем-сауқат, газет-журнал тасымалын «Қазпошта» жеке такси жалдау арқылы жүзеге асырып отыр. Ал Зеленая рощаға газет жеткізуді жергілікті тұрғындар «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-мен келісіп атқаруда.
Көршілес Баянауыл ауданында да поштаның жай-күйі мүшкіл. Мәселен, бүгінгі таңда аудандық «Баянтау» газетін тарату үш жылдан бері редакция тарапынан ұйымдастырылып келеді, газетті пошта жаздыртпайды да, таратпайды да. Туристер жиі келетін, тіршілігі қайнап жатқан Торайғыр ауылында пошташы жоқ, поштаны ауылға белсенді тұрғындар тасымалдайды. Себебін білсек, ұсынылған жалақыны ешкім місе тұтпайтын көрінеді.
Әрине, цифрлық қызметтер дамыды, пошта қызметіне сұраныс төмендегенін бәріміз түсінеміз. Десе де kaspi постоматтар газет-журнал жеткізумен айналысып жатқан жоқ қой. Пошта – кеңестік дәуірде сапалы қызмет көрсеткен сала. Бүгінде бұл қызметті «Қазпошта» АҚ – Ұлттық пошта байланысы операторы деген аты дардай акционерлік қоғам атқарып отыр. Бұл акционерлік қоғамның жоғарыдағы басшыларының жалақылары да, алатын сыйақылары да аз еместігін әр жерден естіп-біліп жатамыз. Ал олар түкпірдегі ауылдарда 18 мың теңге алатын әріптестері барын біле ме екен?!
Пошта газет-журналдан басқа, тапсырыс хаттарын, сәлемдемелер жеткізу, жүк тасымалы, төлемдер қабылдау, электронды марка сату, тағы басқа қызметтермен айналысады. post.kz сайтын ашсаңыз, тұралап тұрған компанияға мүлдем ұқсамайды. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің, яғни, қарапайым жұрттың көз алдында әбден «діңкесі құрып, салы суға кеткен», болашағы жоқ мекеменің кейпінде. Жоғарыдағы басшылары ауысып жатқанымен, халық одан өзгеріс сезінетін емес. Біз білетін ең төмен жалақылы мамандар өмір бойы сонда әйтеуір. Жаздың аптабында, қыстың аязында жаяулап-жалпылап көше кезген пошташының еңбекақысы бір мандыған емес.
Ұзын сөздің қысқасы, жағдайды жақсарту үшін «Қазпошта» АҚ қатардағы пошташының жалақысын арттырып, өзінің қызмет спектрін кеңейтетін қадамдар жасауға тиіс. Соның ішінде баспасөзге жазылу науқандарын да ойластыру қажет. Осылайша, өз қызметіне сұраныс тудыра алуы қажет. Пошташыға имидж – мәртебе қажет. Бір сөзбен айтқанда, түбегейлі өзгеріс керек.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






