Тұмау бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, әлемде өршіп тұр. Былтырғы жыл соңынан бері дәрігерлер Гонконг тұмауы белең алғанын айтып, дабыл қақты.
Гонконг тұмауы алғаш рет 1968 жылы анықталған екен. «А» (H3N2) типті тұмау пандемия тудырып, 1968-1970 жылдар аралығында миллиондаған адамның өмірін жалмаған.
Қазіргі жағдайдың ушығуына COVID-19-дан кейін халықтың маусымдық вирустарға төзімділігі төмендегені себеп болып отыр.
Тұмау белгілеріне келсек, жұқтырған адамның температурасы 38–39°C-қа дейін күрт көтеріледі. Бойын әлсіздік билеп, денесі сырқырайды. Жөтел кейінірек басталуы мүмкін. Науқастар дене қызуына әдеттегі қызу түсіретін дәрілер ықпал етпейтінін байқаған.
Ауру белгілері туралы айтқан №1 емхананың дәрігері Марал Егінбаева тұмау жұқтырған қарттар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін асқыну қаупі жоғары екенін айтты.
— Тұмаудың бұл түрі тез таралады, әсіресе, жүрек-қан тамырларына салмақ түсіреді. Асқыну соңы энцефалит, миокардит, т.б. соқтыруы мүмкін, — дейді Марал Мұқатайқызы. — Сондықтан уақыт өткізбей дәрігерге көрінген жөн.
Ауа райына байланысты биылғы эпидмаусым ерте басталғаны белгілі. Соның салдарынан вирустық ауру жұқтырушылар да көп тіркеліпті.
— Қазіргі кезде 3 әйел, 19 бала жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем алып жатыр, — деді М.Егінбаева.
Павлодар облысында осы уақытқа дейін Гонконг тұмауын елу шақты адам жұқтырыпты. Екібастұзда тұмаудың бұл түрі тіркелмеген. Осы орайда мамандар сақтық шараларын күшейту қажетін айтуда.
Тұмаудың алдын алу мақсатында №1 емханаға қарасты 4 мыңнан аса адамға тұмауға қарсы екпе салу жоспарланған екен. М.Егінбаева екпе салу 100 пайыз орындалғанын мәлімдеді.
Дәрігерлер аурудың алдын алудың бірден-бір жолы екпе алу екенін айтады. Сондай-ақ, эпидемиялық маусымда суды көбірек ішіп, бөлмені желдету, қолды жуу, ауырған адамдардан алыс болу секілді сақтық шараларын ұмытпаған абзал.
Тұмау жұқтырған жағдайда емханаға қарасты фильтр кабинетіндегі дәрігерлерге қаралу керек. Қазіргі жағдайға байланысты фильтр кабинеттері сенбі күндері де жұмыс істейді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






