Осындай атаумен 20 қаңтар күні «Атамұра» мәдениет орталығында екі жыл бұрын бақилық болған жезтаңдай әнші Жәнібек сал Мәліковті еске алу кеші өтті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Жәнібек сал тірі болса, биыл 15 қаңтарда 65 жасқа толушы еді. Еске алу кешіне марқұмның отбасы, көзкөрген замандастары, колледждер студенттері қатысып, әуелі экраннан «Ән едің Сарыарқада көшіп жүрген …» бейнефильмі көрсетілді. Жиналған қауым фильмнен Жәнібек салдың шыққан тегі, өскен ортасы, өнерде жүріп өткен жолы жайлы әңгімеге қанығып, дәстүрлі әнші Жомарт Қабыкеновтің арнауын тыңдады.
Кешті жүргізген өнерпаз Ербол Ахаев іле-шала сахна төріне Жәнібектің жары Айсұлу мен ұлы Жеңісті, немерелері Мұстафа мен Мұзафарды шақырды. Айсұлу ері Жәнібекпен жұптасып өмір сүрген жарқын күндерден естелік айтып, әкесінің сахналық киімі үстіне жараса кеткен, өзі де аумай қалған Жеңіс қолындағы үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп, Ақан серінің «Шырмауық» әнін шырқады.
Жалпы, Жәнібек салдың жанұясы – өнер қонған отбасы. Егіз немерелері Мұстафа, Мұзафар Шапағатұлдары да қара жаяу емес, талапты ұландар екен. Әуелі Мұстафа күй орындап, содан соң екеуі қосылып «Батырлар ұраны» әнін орындап, тыңдаушылар ықыласына бөленді.
Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ақын Жұмкен Сейітов, журналист Жассерік Жәлелұлы Жәнібек салдың бітім-болмысы, кісілігі, Ертіс-Баян өңірінде дәстүрлі ән өнерін жандандыруға сіңірген еңбегі жайлы баяндап берді. Естеліктер легін Жәнібек салдың үзеңгілес інісі, гастрольдік сапарлармен Қазақ елінің біраз аймағын аралағанда қасында жүрген қара сөздің жүйрігі Серік Занов пен сонау 1980-ші жылдардың соңында өнер табыстырған замандасы Мәдина Боранқызы жалғастырды.
— Жәнібек сал қазақ өнерін өрге бастырудың алғы шебінде жүрді. Қазіргі «Өнер» — бұрынғы Энергетиктер мәдениет сарайында «Жас толқын» ән-би ансамблін құрдым. Сол уақытта Жәнібек ансамбль солисі болды. Біздің іс-әрекетімізге разы болған мәдениет сарайының директоры Шамғон Мусин ансамбльге 30 домбыра сатып әперді. Сонда Жәнібек: «Екібастұзда домбыра ұстап жүрген жалғыз мен едім, енді қатарымыз көбейді», — деп балаша қуанды. Өзі көпшіл еді. Екі бөлмелі пәтерінде қазақ өнерінің төңірегінде жүрген қыз-жігіттердің басын қосып, қонақ етіп күтті. Сөйтіп, бір-бірімізбен сыйластығымыз артып, әр үйде кездесіп, әңгіме-дүкен құру дәстүрі қалыптасты, — деген Мәдина Боранқызының естелігі сырғи-сырғи алыстап кеткен жылдар хикаятын еске түсірді.
Еске алу кешінде Жәнібек салдың өнердегі ұстазы Жүрсін Бәтенұлы жайлы да жылы лебіздер айтылып, Жомарт Қабыкенов «Даламның дара тұлғасы» әнін орындады. Аталмыш әннің сөзін Жүрсін Бәтенұлы жазып, әнін Шәкен Рақышев шығарып, алғашқы орындаушысы Жәнібек сал Мәліков болғанын айта кету ләзім. Сонымен қатар, Шапағат Мәліков әнші достарымен қосылып «Достарым» әнін шырқады.
Еске алу кешіндегі түйін сөзді «Атамұра» мәдениет орталығының басшысы Нұрсұлу Төлеубаева айтты.
— Жуырда ғана жаңа жыл табалдырықтан аттады емес пе. Биылғы жылғы іс-шараларды Жәнібек сал Мәліковті еске алу кешінен бастап отырмыз. Енді алдағы уақытта қаламыздағы қазақ мектептерінде жезтаңдай әншінің өнердегі жолын насихаттау мақсатында дәріс-концерттер ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, Естай атындағы балалар музыка мектебінің басшылығы сонда Жәнібек сал атындағы кабинет ашу жөніндегі біздің ұсынысымызды құп көріп отыр. Осы аталған үш шара сәуір айында аймақтық ән фестивалімен түйінделеді. Жәнібек сал атындағы ән фестивалі екі жылда бір рет өткізіліп тұрмақ, — деген Нұрсұлу Еркебайқызы Жәнібектің жары Айсұлуға сый-сияпат жасады.
Айтпақшы, сахнаға шығып жүрген егіз немересіне киімдерді Айсұлу өзі тігіп береді екен. Қарымта сөзінде ісмер «Атамұра» мәдениет орталығы ұжымына алғыс айтып, баласы Шапағаттың әнші достарына сахналық костюмдер тігіп беруге уәде етті.
Қорыта айтқанда, Жәнібек салды еске алу кеші мазмұнды өтіп, көңілден шықты. «Жоқтаушысы жоқ болса, ер жетім» деген емес пе. Ең бастысы, осы жолғы және алдағы уақытқа белгіленген іс-шаралар ел-жұрттың өнер өренін қадірлеп, ұлықтай білетіндігін көрсетті және көрсете бермек.
Ж.Сәдуақас








