Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2021 жылы қабылданған «Инклюзивті білім беру туралы» Заңнан кейін бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Соңғы екі жылда Екібастұз қаласында инклюзияны қолдау мақсатында №11 және №18 жалпы білім беретін мектептерде арнайы кабинеттер ашылды. Ал биыл тағы инклюзияны қолдаудың 7 кабинетін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы 16 қаңтар күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова мәлімдеді.
– Инклюзивті білім беру – балалардың мүмкіндігі мен қажеттілігіне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ал инклюзияны қолдау кабинеттері – осы саясатты мектептер мен балабақшаларда іске асырудың нақты тетіктерінің бірі. Қазіргі таңда өңірімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны 2149-ды құрайды. Оның 630-ы – мектепке дейінгі жаста, 1559-ы – мектеп жасындағы балалар. Сонымен қатар, 75 бала үйде оқытылады, 169 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне (ППТК) барады, 92 балада терең және ауыр ақыл-ой кемістігі анықталған. Бұл инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту қажеттігін көрсетеді, – деді бөлім басшысы.
Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистент лауазымы енгізілген. Бұл маман мінез-құлықтық, эмоциялық немесе коммуникативтік ерекшеліктеріне байланысты оқу үдерісіне толық қатыса алмайтын оқушыларға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, педагог-ассистент психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттерінде жеке және шағын топтық дамыту сабақтарын өткізе алады.
Қазіргі таңда №10 ЖОББМ жанындағы инклюзияны қолдау кабинетінде 10 бала, №18 мектепте 35 бала, №2 мектеп жанындағы ППТК-да 47 бала, №5 мектептің арнайы сыныптарында 167 бала білім алуда. Ал балабақшаларда инклюзивті біліммен 630 тәрбиеленуші қамтылған. 2026 жылы № № 2, 5, 12, 17, 21, 23 және №33 жалпы орта білім беретін мектептерде инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланып отыр.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында 8 үйірмеге 95 бала, Балалар көркемсурет мектебінде 4 үйірмеге 17 бала, ал «Қайнар» ББК-де 10 үйірмеге 60 бала қатысуда. Қаладағы 49 білім беру ұйымында пандустар орнатылып, 15 нысанда арнайы белгіленген автотұрақ орындары қарастырылған. Сонымен қатар, білім бөлімі ПМПК-мен бірлесіп тоқсан сайын мектепке дейінгі жастағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анықтау бойынша салыстыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Айта кету керек, жыл соңына дейін 31-шағынауданда 150 орындық арнайы инклюзивті балабақша ашылмақ. Қазіргі таңда Мәшһүр Жүсіп көшесі, 126 «А» мекенжайында орналасқан ғимаратта реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда білім бөлімі жаңа мекемеге логопед, дефектолог және педагог-ассистент сынды арнайы мамандарды қызметке шақырады.
– Өкінішке қарай, өңірде инклюзивті білім беретін мамандар тапшылығы байқалады. Кейбір ата-аналар педагог-ассистентті әлеуметтік көмекші деп қате түсінеді. Алайда бұл маманның негізгі міндеті – баланың оқу және тәрбие үдерісіне толыққанды қатысуына көмектесу, – деп түйіндеді сөзін Лаура Дисюпова.
Ділназ Серікбай







