Өткен жылы Екібастұз қаласында тіркелген интернет алаяқтықтан зардап шегу оқиғасы ел бойынша ең ірілердің қатарына енді. Қала тұрғыны қос бірдей пәтері мен жеке көлігін сатып, жалпы сомасы 98 миллион теңгені интернет алаяқтардың қолына ұстатқан. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі Диас Сабыров мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, интернет алаяқтық туралы ескерту күн сайын жасалғанымен, алаяқтардың арбауына түсетіндер азаймай тұр. Әсіресе «инвестиция арқылы табысымды арттырамын» деген оймен әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сенетін азаматтардың саны Екібастұзда ғана емес, республика көлемінде өсіп келеді.
– Қазір цифрландыру дәуірі. Жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланған алаяқтар TikTok, Instagram, WhatsApp, YouTube секілді әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ойдан шығарылған ірі компаниялардың басшыларын сөйлетіп, азаматтардың сеніміне кіреді. Бейнероликтер арқылы инвестиция ұсынғандай болып, сілтемеге өтуді сұрайды. Өтінім қалдырғаннан кейін алаяқтар өздері хабарласып, психологиялық қысым жасайды. Кей жағдайларда өздерін құқық қорғау органдарының немесе халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ретінде таныстырады. Соңында төрт таңбалы кодты айтып, ақшаны қауіпсіз шотқа аудару қажет деп сендіреді. Бұл – жалған, – деді Диас Сабыров.
Оның сөзінше, алаяқтықтың бұл түріне көбіне аға буын өкілдері мен егде жастағы азаматтар алданады. Ал жастар арасында «жылдам әрі оңай табыс» іздегендер дропперлік іске тартылып жатады. Дегенмен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дропперлерге де қылмыстық жауап-
кершілік қарастырылған.
– Дропперлікке көбіне Telegram арқылы жұмыс іздеген студенттер мен жастар ілінеді. Әрбір ақша аударымы үшін 1-ден 10 долларға дейін қаражат ұсынылады. Соған қызыққан жастар өздерінің ғана емес, туыстарының да банк карталарының деректерін береді. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп атап өтті маман.
Алаяқтардың айласы мұнымен шектелмейді. Алғашында олар салынған қаражатты екі еселеп қайтарып, азаматтың сеніміне кіреді. Кейін инвестиция көлемі артқан кезде байланысын үзіп, ізін суытады.
Брифинг барысында спикер өткен жылы орын алған ең ірі дерекке де тоқталды. Зардап шеккен екібастұздық TikTok желісіндегі сілтеме арқылы инвестиция жасап, бастапқыда 2 миллион теңге енгізген. Кейін бұл әрекетті тоқтатқанымен, «ақшаңызды қайтарып береміз» деген жалған заңгерлік компанияның жарнамасына сеніп, қайтадан қаржы аударған. Алаяқтар «шетелден ақша түспей жатыр», «аударым кешіктірілді» деген сылтаумен жәбірленушіні қайта-қайта сендіріп, нәтижесінде шығын көлемі 98 миллион теңгеге жеткен.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Қазақстан аумағындағы дропперлер тексерілген. Павлодар облысының бір тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылса, кейін Шымкент қаласының азаматы да ұсталған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Азаматтық тәртіпте қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп, жәбірленушіге 38 миллион теңгеге жуық қаржы қайтарылған.
Айта кетейік, өткен жылы Екібастұз қаласында интернет алаяқтықтың 247 дерегі тіркелген. Оның 59-ы ірі көлемдегі қылмыстар санатына жатады, яғни, бұл істерде азаматтар кемінде 3 миллион теңгеден айырылған.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.
Ділназ Серікбай







