15 қаңтар күні «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде Екібастұз қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органмен және полиция қызметімен бірлесіп «Maxi Mall» сауда-сауық орталығында «Құқықтық дәріхана» акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараға қала әкімі Аян Бейсекин, құқық қорғау органдарының, сондай-ақ, өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, қала тұрғындарына түрлі құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес берді. Акция барысында азаматтарға алдын ала жазылусыз мемлекеттік органдардың мамандарынан, сондай-ақ, адвокаттардан, нотариустар мен жеке сот орындаушыларынан құқықтық көмек алу мүмкіндігі ұсынылды.
Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары Асхат Әтікеевтің айтуынша, «Құқықтық дәріхана» акциясы «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.
— Шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту, сондай-ақ, құқықтық тәртіпті сақтауға азаматтардың белсенді қатысуы, — деді ол.
Акция аясында 30-ға жуық қала тұрғыны өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Көбіне интернет-алаяқтықтың алдын алу, банк шоттарына қойылған бұғаттауды алып тастау, жұмысқа орналасу, неке-отбасы даулары, зейнетақы мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және жер заңнамасына қатысты сауалдар көтерілді. Қосымша зерделеуді талап ететін бірқатар өтініш тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, акция барысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Құқықтық дәріхана» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, келесі шара ағымдағы жылдың ақпан айында өткізілмек.
Ділназ Серікбай







