Біздің аулада кешқұрым музыка ойнап, мұз айдынының шамдары жарқырайды. Айнадай жалтыр айдында конькимен сырғанап жүрген балалардың дабырлаған дауыстары естіліп, шау тартқан үлкендердің көңілін қытықтап, жастық шағын еске түсіреді…
Әңгімеге арқау болып отырған мұз айдыны – корт Естай Беркімбаев көшесі, 93-үйдің қарсы бетінде орналасқан. Былтыр қыста пайдалануға берілген корт жұмысы биыл ерекше жанданды. Қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі қаламыздағы 8 мұз айдынын кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берген екен. Біздің ауладағы кортты кәсіпкер Азамат Шакилов жалға алыпты. №1 БЖСМ-да таэквандодан жаттықтырушы болып еңбек етіп жүрген азаматпен жолығудың сәті түспеді. Дегенмен мұз айдынының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сонда кезекшілікте отырған Жалғас Сейітов әңгімелеп берді.
– Корт аптаның жай күндері күндізгі 2-ден түнгі 10-ға дейін ашық. Сенбі, жексенбі күндері күндізгі 12-де ашылады. Жалға беру үшін 40 жұп бәтеңкелі коньки сатып алынған. Өлшемдері 31-43 аралығында. Бір сағатқа жалға алу – 700 теңге, – дейді Жалғас бәрін тәптіштеп айтып.
Арқаның қысы аязды емес пе. Коньки теуіп жүрген балалар, корт сыртында күтіп тұратын үлкендер жалға беру пунктінен ыстық шай, кофе сатып алып, бой жылыта алады.
Жалғастың айтуынша, конькимен сырғанауға құмар балалар мен ересектер саны күннен-күнге көбейіп келеді екен. Мәселен, сенбі-жексенбі күндері 100-ден астам адам қыс қызығын осында өткізіп жүр.
Мұз айдынын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер кортты қардан тазалауды, сапалы қызмет көрсетуді жауапкершіліктеріне алып, міндеттері үдесінен шығуда.
– Мұз айдыны балаларға қуаныш сыйлап отыр. Мына немерем – Евлина 6 жаста. Осында келіп коньки тебуді үйреніп жүр. Балалардың сыртта таза ауа жұтып, спортпен шұғылданғаны денсаулықтарына пайдалы емес пе. Жас буынға осындай мүмкіндік туғызған қала билігіне алғысымыз шексіз, – деген Люда апай енді немересін акробатика секциясына апаруы тиіс екенін айтып, асығыс шығып кетті.
Жалпы, қаламызда 14 мұз айдыны бар көрінеді. Соның 8-і сенімгерлік басқаруға беріліпті. Мұз айдындарындағы қыс қызығын қыздыру мақсатында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі 6-11 қаңтар аралығында Мәшһүр Жүсіп көшесі, 30, Королев көшесі, 98, Естай Беркімбаев көшесі, 186 және 93 мекенжайларындағы корттарда «Көңілді старттар» ойындарын ұйымдастырып, балаларға тәтті сыйлықтар таратыпты.
Әрине, мұндай спорттық шаралар қажет-ақ. Оған қатысқан балалардың спортпен шұғылдануға ынтасы артып, мұз айдындарына өздерімен бірге достарын ілестіре келері де анық. Осылайша, бұқаралық спорт қанатын кеңге жая түспек. Қала билігінің де көздегені осы емес пе.
Ж. Жәлелұлы







