«Әр ақылды адамға иман парыз, әр иманды адамға ғибадат парыз» депті Абай хакім. Осы орайда,
16 қаңтар – жұма күні Мәшһүр Жүсіп көшесі бойында жамағат үшін жаңа мешіттің есігі айқара ашылды.
Сақылдаған сары аязға қарамастан Әбу Ханифа мешітінің ашылу салтанатына жиналған қауым Әкбар қари оқыған құран аяттарына құлақ түріп, Мәшһүр Жүсіп атындағы Павлодар облыстық орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлының құттықтау сөзін ұйып тыңдады.
– Мешіт – Алланың үйі. Адамдардың жүрегіне имандылық, тазалық пен адалдық ұялататын орын. Жаратқан иемізге құлшылық етушілер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Осы орайда Екібастұз қалалық мешіті тарлық ете бастап еді, енді, міне, тағы бір мешіт пайдалануға беріліп отыр. Алланың ризашылығы үшін игі де сауапты іс тындырған азаматтарға алғыс білдіре отыра, жаңа мешіттің іші жамағатқа толы болсын деймін, – деді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Бұдан кейін мұсылмандар қауымы атынан қадірменді ақсақал Болат қажы Әбенов құттықтау тілегін жеткізіп, Қасқырбай қажы екеуі лента қию рәсімін жасап, шашу шашылды. Жапа-тармағай ішке кірген жамағат мешіттің ішін тамашалап, заманауи келбетіне разылық білдірді.
Осы тұста жаңа мешітті «ҚазЕвроҚұрылыс» ЖШС өз қаражатына салғанын айта кету ләзім. Мешітте ер адамдар үшін 300 орындық, әйелдер үшін 100 орындық намазханалар бар. Сонымен қатар, қасында 150-200 орындық жеке асхана бой көтерген.
Айтпақшы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа мешіттің имамы етіп Дидар Сальмановты тағайындапты.
Жұма намазы басталғанша облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы уағыз айтып, содан соң жамағат намазға жығылды.
Ж.Жәлелұлы







