Америкада тұрып жатқан Вахид Юльчиевті біреулер «қазақ» десе, бір замандастары «өзбек» дейді. Бүгінде түрлі ұлттар арасында алтын көпір болып жүрген Вахид үшін бұл – қалыпты жағдай. Әдетте өзбек халқы десе, бірден есімізге палау түседі емес пе. Алты тіл білетін полиглот жігітке де аспаздық өнер жат емес. Ол өзбек халқының ғана емес, өзі тілін меңгерген түрлі ұлттың: қазақ, өзбек, орыс, корей, түрік тағамдарын да шебер әзірлейді. Лос-Анджелесте жүріп дос-жарандарына палау әзірлеп бергенінде, «Нағыз өзбек палауы, оригинал!» – деген мақтау естіген. «Мен Қазақ елінде өскен «шала» өзбекпін, сондықтан бұл оригинал болып саналмайды!» – деген сонда Вахид нағыз қазақтарша әзілге бұрып.
Мені Вахидтің алты тілді меңгеру өнері қатты қызықтырды: бүгінгі таңда кімнің тіл үйренгісі, Вахид сияқты мұхит асқысы келмейді дейсіз! Сондықтан Вахидке жаудырған сұрақтарым негізінен тіл үйрену төңірегінде болды.
Мен алты тілді меңгеру адамға генетика, ерекше дарын арқылы қонатын қабілет деп есептеймін. Бұлай ойлайтын жалғыз мен ғана емес екен. Полиглот азаматтың айналасындағылар да сондай пікірде көрінеді.
– Менің ойымша, бір тілді үйрену үшін ерекше дарын қажет емес. Ал көп тіл үйрену шынымен де генетикалық артықшылық нәтижесі болуы мүмкін, – дейді Вахидтің өзі де.
Вахидтің бала күнгі арманы ел қатарлы еді. Дегенмен оған көбінесе көрген киноларының ықпалы зор болған сияқты. «1990-шы жылдары Голливудтың киноларын көре бастадық. Аудармашы болсам деген арман-мақсатым сол кезде айқындалған секілді. Жалпы, тәржімашының еңбекақысы жоғары болғаны өз алдына, бұл дегеніңіз әлемге айқара ашылған есік қой. Ел мен жерді көресің, түрлі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысасың, адамдарымен емін-еркін тіл табысасың. Шыны керек, әуелгіде «аудармашының арқалайтын ең ауыр заты қаламсап қана ғой» деп ойлайтынмын, сөйтсем, олай емес екен, аудармашы өмір бойы оқып-үйренуін тоқтата алмайды екен, – деп ой бөлісті кейіпкерім.
… Бұл күні жұрт жаппай баласын мектептен тыс тіл үйрену орталықтарына береді. Мектептегі нәтижеден көпшілік күдер үзген бе деп те қаласың. Жалпы, адам тілді қай кезден бастап және қайдан үйренгені жөн? Бірнеше тілді арнайы дайындық, оқу-тоқусыз-ақ өз бетінше меңгерген Вахидке осы сұрақты қойдым.
– Негізі баланың балабақшадан, яғни, 4-5 жастан бастап бір-екі сөз болса да үйрене бергені жақсы. Шет тілде мультфильмдер тамашалағаны жөн. Ән тыңдау пайдалы. Ал мектеп жайлы айтар болсақ, сапалы, жүйелі берілген білімнің қай-қайсысы болса да еш кетпейді, бір кәдеге жарайды деп ойлаймын. АҚШ-та университетке оқуға 75 жасқа дейін қабылдай береді, ал біздің елде адамдар 30-40 жаста бірдеңе бастауға кеш деп есептейді. Менің айтарым – тіл үйренуді қай кезде бастасаңыз да – кеш емес! Кез келген адам кез келген тілді үйрене алады. Ең бастысы, адам өзіне не керегін білуі керек және мотивация болуы қажет. Мақсатың айқын болып, өз арманыңа қарай қадам бассаң, ойың іске асады. Ал ештеңе істемей, жай ғана армандап жүре берсең, әрине, арманың елес күйінде қала береді. Менің де алты тіл білем деп осы межемен тоқтайтын ойым жоқ. Ары қарай қытай тілін меңгерем бе, әлде испан тілін үйренсем бе екен деп жүрген жайым бар.
Осы тұста Вахидтің шет тілін қалай үйренгеніне тоқталып өтейік.
Орта мектепті тәмамдаған Вахидті жарқын болашаққа тағдырдың өзі айдады деуге болады. 2004 жылы жұмыс бабымен Оңтүстік Кореядағы KIA HYUNDAI зауытына жолы түсті. Зауытта төрт жыл тер төксе, соның алғашқы бір жылы тәжірибеден өтуге жұмсалды. Осы уақытта адамдармен араласа жүріп корей тілін бірер айдың ішінде меңгеріп алды. Ал түрік тілін Kcell компаниясы тарапынан Түркияға тағылымдамаға барғанда меңгерді.
– Ең алғаш түрік тілін естігенімде, бәрін түсініп тұрғандай сезім кештім. Олар жылдам әрі эмоционалды сөйлесе де, тілдерінің құрылымы өзбекше мен қазақшаға ұқсас, – дейді Вахид.
Одан кейінгі жылдарда ол елге оралмастан, техникалық сипаттан қызметтік сипатқа дейінгі бағыттағы түрлі компанияларда жұмыс істеп үлгерді. Барлық жерде түрлі елдердегі әріптестерінің арасында аудармашы болып кете баратын.
2010 жылы Вахид оңтүстіккореялық POSCO E&C компаниясына – Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасына жұмысқа орналасып, халықаралық жобаларға қатысты. Жұмыс барысында компания оны таяу және алыс шетелдерге іссапарға – отандық мүддеге ие келісімдерге қол қоюға және келіссөздерге қатысуға жіберіп отырды. Сондай-ақ, оған компания тарапынан Оңтүстік Кореяға корей тілі курсына біліктілік арттыруға жолдама берілді. Ал 2022 жылы Лос-Анджелеске (АҚШ) ағылшын тілін үйренуге аттандырды. Лос-Анджелестен кейін ол Нью-Йоркке қоныс аударды. Маған сұхбатты ол Нью-Йорктен берді.
Вахид әңгіме арасында мынадай бір сырды ашты:
– Тіл өнері маған бастапқыда музыка сияқты қонды, яғни, есту, ырғақ және сұхбаттасымның көңіл күйі арқылы жетті. Тілдер – адамдарды түсіну қабілеті. Тумысымнан біздің үйде бір уақытта үш тілде сөйлейтін: орысша, өзбекше және қазақша. Сондықтан бұл тілдерді бала кезімнен-ақ бір-бірінен бөліп-жарған емеспін. Маған бір мағынаны беретін сөздің әр түрлі дыбысталатыны қызық көрінетін. Мен тілдерді үйренбеймін: жан дүниеммен сезінемін. Сөзді тыңдағанда, маған адамның не айтқанын ұғу емес, қандай эмоциямен айтқаны қызық…
Вахид қазіргі уақытта Discovery Learning Center-де ағылшын тілінен білімін жетілдіруде. Ол білім ала жүріп өзге елдерден келетін студенттерге құжат ресімдеу, банк қызметі, оқуға қатысты мәселелерін шешуге көмек береді. Бір сөзбен айтқанда, волонтер қызметін атқарады. Осылайша, өзге елден келетін жастарды «жоғалған адам» халіне түсуден сақтап, сенім мен күш-жігер береді. Көпшілікке шапағат сыйлаудан жан дүниесі жайланады. Әлбетте, көмек бере жүріп тәжірибе барысында өзін де дамытады.
– Кітапты қай тілде оқисыз? – деп сұрадым кейіпкерімнен.
– Орысша да, қазақша да, жалпы, өзім білетін барлық тілдерде оқи беремін: бұл меңгерген тілдеріңді ұмытпау үшін қажет. Сондай-ақ, ютубтан подкасттар тыңдауды үзбеймін. Түрлі тілде кино көріп, әнге құлақ түремін. Кино көргенде, теледидардағы адамдармен сөйлесіп кететінім бар. Мұның бәрі зейінді, жадыны жаттықтырады. Сөйлеу дегеніңіз гауһар тасты қашағанмен бірдей, үзіліс болмауы керек, – дейді Вахид.
Полиглот жерлесіміз бұған дейін Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде тұрған. Басқа да алуан елге саяхаттаған. Американың қырық сегіз штатын аралап үлгеріп, ең танымал, әр адам көрсем деп армандайтын кереметтерінің көбін көзбен көрген. «Голливудтағы Жұлдыздар аллеясы жайлы сырттай білгеніңмен, көзбен көру бір бөлек. Мәселен, онда барлық жұлдыздардың есімдері жерде жазылғанымен, боксшы Мұхаммед Әлидің есімі қабырғаға таңбаланған. Оны өз көзіммен көріп, суретке түсу ерекше әсер етті. Кинолардан көрген Лас-Вегастағы казиноларды да көріп қайттым. Қысқасы, Америкадағы әлемге танымал жерлердің көпшілігіне табаным тиді.
АҚШ – ерекше ел. Мұнда ешкім сенің қайда оқығаныңды сұрамайды. Егер сенің қолыңнан іс келетінін көріп тұрса – сенім білдіреді. Мұндағы адамдар талант пен еңбекті бағалайтынына талай рет көзім жетті. Егер сен оқуға ынтаңды білдірсең, саған көмектеседі. Оқытушылардың оқуға қаражаты жетпей қалған студенттер үшін гранттар, тіпті жеке шәкіртақы тапқанын да көрдім», – дейді Вахид.
Алты тіл білгендігінің арқасында әлемді жайбарақат кезген жиһанкез жігіттен отбасы туралы сұрадық. «Отбасым Шымкентте тұрады, – деді ол. – Үш қыздың әкесімін. Үлкен қызым он жеті жасқа толғалы отыр, музыка мектебін тәмамдады. Он алты жастағы екінші қызым көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионы, Ұлттық құрама қатарында, ҚР спорт шебері, қазіргі уақытта халықаралық дәрежеде санатын қорғауға әзірлік үстінде. Кенжем жеті жаста, ол әзірге үйде».
Вахид күндердің күнінде өзінің жекеменшік тілдік мектебін ашқысы келеді – онлайн немесе офлайн.
– Адамдарды тілдерден қорықпауға үйреткім келеді. Сөйлеуді жай ғана бастап кету керек, қателесу, өзіңе күлу және жалғастыру қажет. Акцент және қателер – нәтиженің алғашқы қадамдары, – деп аяқтады сұхбаттасым сөзін.
Сұхбат кезінде Вахид Америкада өзі көмектесіп жүрген адамдар арасында сол елге ағылшын тілін үйрену үшін барған 54 жастағы отандасымыз барын айтып қалды. Шынымды айтсам, мектепте неміс тілін оқығандықтан, осы уақытқа дейін ағылшын тіліне құлшынып көрмеппін. Бірақ Вахидтің әңгімесінен кейін тіл үйренгім келіп кетті. Кім білсін, біздің де Америкаға жолымыз түсіп қалар…










