Жыл сайын «Ауыл» партиясы кәсіби және әуесқой фотографтар арасында «Ауыл нақыштары» фотобайқауын өткізіп келеді. Бұл – ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді және табиғат сұлулығын суреттер арқылы паш ететін жарқын жоба.
«Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж», «Ауылдағы бақытты балалық» атты аталымдарды қамтыған былтырғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 678 фотогер 3366 фотосуретпен қатысты. Сондай-ақ «Көрермендер көзайымы» аталымында әлеуметтік желі қолданушыларына ұнаған фотосуретті таңдау мүмкіндігі берілді. Бұл аталым жеңімпазы Telegram чат арқылы ұсынылған 10 үміткердің арасынан дауыс беру тәсілімен таңдалды.
Марапаттау рәсімінде үздік жұмыстар көрмесі ұйымдастырылып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ауыл нақыштары» атты көркем фотоальбом таныстырылды. Байқау жеңімпаздары сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталып, жалпы жүлде қоры 3 900 000 теңгені құрады.
«Ауыл нақыштары» фотобайқауына екібастұздық фотограф Анатолий Пырлик те өз еңбектерін жолдаған болатын. Анатолий Филиппович ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың алғыс хатына және естелік қол сағатқа ие болды. Сонымен қатар, фотографқа қатысушылардың үздік 100 фотосы енген фотоальбом да тапсырылды. Партия төрағасының сый-сияпатын сайыскерге «Ауыл» партиясының мүшесі, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Жетпісбай Жакупов салтанатты түрде табыстады.
Атап өтерлік жайт, Анатолий Пырлик – біздің әріптесіміз, «Голос Экибастуза» газетінің меншікті тілшісі, спорт шолушысы. Оның фотобәйгеге жолдаған фотоларының бірі кезекті веложорық кезінде Алматы облысының Кеген ауылында түсірілген. Велотуризм – «Павлодар география үйі» ҚБ «8-ші миля» велотуризм спорттық орталығының жетекшісі Анатолий Пырлик үшін салауатты өмір салты ғана емес, Отанды сүюдің де бір бөлшегі.
Ж.АЙДОС








