1990 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы өтіп, дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын. 2025 жылы діни басқармаға 35 жыл толды.
Басқарманың былтырғы жыл соңындағы қорытынды төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2025» аталымымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, аталым иегерлерін марапаттады.
«Бүгінгі мерейтой – Діни басқарманың ғана емес, күллі мұсылман жамағатының ортақ қуанышы. Бұл – имандылықтың, ізгіліктің, ел бірлігінің мерекесі. Алла Тағала осы қара шаңырақтың іргесін берік, өрісін кең етсін! Барша дін қызметкерлеріне, осы жолда еңбек етіп жүрген әріптестерге Алла разы болсын! Бүгін «Мүфтият үздігі» атанып жатқан барша бауырларымды, әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Бұл – жылдар бойы атқарған жұмыстарыңыздың жемісі деп санаймын. Ең бастысы, Алланың марапатына ие болуды жазғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Алла Тағала Діни басқарманың қызметіне береке беріп, халқымыздың рухани дамуына мол игілік нәсіп етсін!» – деді ҚМДБ төрағасы.
Осы басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай 35 номинация бойынша үздіктер марапатталды. «Екібастұз» қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаров «Үздік қала имамы» аталымын иеленді.
Ж.ЖАПАРОВА






