Кейінгі кездері Kundelik.kz платформасының ақауы туралы көп айтылып жүр. Бірнеше рет ондағы мәліметтердің көпшілікке жария болғаны туралы ақпарат тарады. Осы орайда оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап басқалармен бірге Екібастұз қаласының мектептері де Kundelik.kz порталы қызметінен бас тартты. Бұдан былай оқушылардың оқу үлгерімі туралы ақпарат, сабақ кестесі, т.б. мәліметтерді BilimClass жүйесінен білетін боламыз.
BilimClass – білім беру ұйымын және оқу сапасын басқаруға арналған толыққанды цифрлық платформа. Жаңа жүйе балалар, ата-аналар мен педагогтар үшін қауіпсіз, ашық әрі қолайлы цифрлық орта құру жолындағы маңызды қадам болмақ.
BilimClass Қазақстанда жасалған отандық өнім болғандықтан, оның серверлері еліміздің аумағында орналасқан және жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарына бағынады. Қауіпсіздік үшін жүйе уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруінен өткен.
Ата-аналар мен оқушыларға арналған қосымша тегін. Жазылу, ақылы модульдер немесе жасырын төлемдер қарастырылмаған. Тағы бір қолайлысы – Kundelik.kz платформасындағы барлық деректер толығымен көшіріліпті, ақпарат жоғалмайды.
BilimClass қосымшасы арқылы сабақ кестесін, бағаларды, үй тапсырмаларын көруге болады. Сондай-ақ, отбасыңыздағы бірнеше баланың аккаунтын ата-ана парақшасынан бақылай аласыз.
Қазіргі кезде BilimClass платформасын Қазақстанның 11 өңіріндегі 5 416 мектепте 2,2 миллионнан астам оқушы және 300 мыңға жуық мұғалім пайдаланып отыр екен. Жүйе толыққанды жұмыс істеп тұр.
Кенже ҚУАТ






