8 қаңтар күні Екібастұз қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев пен Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы іссапармен келіп, бірқатар өндірістік кәсіпорынды аралап шықты.
Сенатор мен мәжілісменді Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мен Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев қарсы алып, олар ең алдымен «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-інде болып, жас қияр мен қызанақ өсірудің заманауи технологиясы, ғылыми әдістерімен танысып, еңбек адамдарымен әңгімелесті. Жылыжай директоры Аңсат Жанатаев өндірістегі хал-ахуалды баяндап, қонақтар еңбекпен түзеу колонияларында жазасын өтеп жүрген адамдарды әлеуметтендіру мәселесіне назар аударып, «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-індегі тәжірибені оң бағалады. Атап өтерлігі, жылыжайда осындай 10 шақты адам еңбек етіп, табыс тауып жүр екен. Тіптен, жазасын өтеп болған соң кәсіптік даярлықтан өтіп, қажетті мамандық алып, үйленіп, Екібастұз қаласында тұрақтап қалғандары да бар көрінеді.
Бұдан кейін мәртебелі қонақтар былтыр күзде пайдалануға берілген «KAZFERRO LIMITED» жеке компаниясында болып, бас директор Қайрат Нүкенов ферросилиций өндірудің заманауи технологиясымен таныстырды.
Сенатор мен мәжілісменнің сапары «Railways Systems KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аяқталды. Теміржолға қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын кәсіпорын жұмысы жайлы директор Александр Слободов әңгімелеп берді.
– Мақсатымыз аймақтағы өндіріс орындарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысу еді. Бүгін Екібастұз өңіріндегі үш кәсіпорында болдық. Көргенімізге көз тойды. Өндіріске озық технологиялар енгізіліп, соны қолдануды меңгерген жергілікті кадрлар, соның ішінде қазақ жастары қатарының көбейгені қуантып отыр. Әрине, проблемалық мәселелер де баршылық. Мұндай мәселелерді қаперге алып, шешімін табу жолдарын бірлесіп қарастырамыз, – деді сенатор Марат Шәдетханұлы журналистерге берген сұхбатында, іссапарда көргені, көңілге түйгенін оң бағалап.
Ж.Сәдуақас







