Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға келіп қайтты. Аймақ басшысы мұнда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовпен бірге энергия өндіру нысандарын аралап, өңірді дамытуға арналған меморандумға қол қойды.
МАЭС-1 станциясында Қазақстандағы Тәуелсіздік жылдарында салынатын ең биік нысан – биіктігі 270 метр болатын жаңа мұржаның құрылысы басталды. Бұл ауқымды жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ал «Самұрық-Энерго» АҚ-мен арадағы меморандумға келер болсақ, бұл құжат құны жалпы 20 млрд теңге болатын түрлі әлеуметтік жобаларға қол жеткізуді көздейді. Бұл қала тарихындағы ең ірі әлеуметтік келісімдердің бірі екенін атап өту ләзім. Қаражат «Богатырь Көмір», МАЭС-1, МАЭС-2 және ЖЭО қызметкерлеріне арналған көпқабатты екі тұрғын үйдің, сондай-ақ, екі балабақшаның құрылысына бағытталады.
Құны 12 млрд. теңгені құрайтын көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың II-III тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал акционерлік қоғамның еншілес ұйымдары салатын екі заманауи балабақшаның жалпы құны шамамен 4 млрд. теңгені құрайды. Алғашқы балабақшаны пайдалануға беру 2027 жылдың II-III тоқсанына, екіншісі 2028 жылдың I-II тоқсанына жоспарлануда.
Сондай-ақ, меморандум аясында энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне де, қала тұрғындарына да қолжетімді болатын спорт кешенін – фитнес-орталық салу көзделген. Спорт кешенінің жоспарланған құны – шамамен 2,5 млрд. теңге, аяқтау мерзімі – 2028 жылдың I-II тоқсаны.
Ынтымақтастықтың жеке бағыты ретінде Екібастұз жылу электр орталығының аумағында («Energy Solutions Center» ЖШС) модульдік әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салу да қарастырылған. Жоба заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдай тудырып, еңбек ету жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырады. Құны 1,4 млрд. теңге болатын жобаның аяқталу мерзімі – 2027 жылдың I-II тоқсаны. Күрделі құрылыс нысандарынан бөлек, құжат Екібастұз қаласын жыл сайын көгалдандыруды да қамтиды. Бұл жұмыстарға жыл сайын шамамен 100 млн. теңге бөлініп, күзгі маусымда көшет отырғызу жұмыстары жүргізілмек.
Ж.ЖАПАРОВА






