Ақкөл ауылдық клубын көп жыл басқарған Бақыт Рыспекованың жарқын бейнесі мәдениет майданы қызметкерлерінің, ауылдастарының жадында жүр екен. 25 желтоқсан күні әріптестері «Өнерде өрілген өмір» атты еске алу кешін ұйымдастырып, Бақыт Боранбайқызының қызметтік жолынан хабардар еткен слайд көрсетіліп, жиналған қауым тағылымды естелік әңгімелерге қанықты.
Ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев пен «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева бес жыл бұрын бақилық болған Бақыт марқұмның кісілігі жайлы сыр шертті.
– Ашық-жарқын мінезді Бақыт Боранбайқызы қызметін адал атқарды. Мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Жауапкершіліктен жалтарып, ешқашан сылтау айтпаушы еді. «Атамұраға» кіріп келгенінде, өзімен бірге шуақ шаша келетін. «Бір иіскейінші» деп құшақтай жөнелгенде жүрегіңді елжіретіп жіберетін, – деген Нұрсұлу Еркебайқызы оның тату-тәтті ұжым құрғанын, клуб қызметкерлерін ғана емес, ауылдың өнерлі үлкен-кішісін мерекелік шаралар мен түрлі сайыстарға жұмылдыра білгенін айрықша атап өтті.
Айтпақшы, бүгінгі күні ауыл клубын басқарып отырған Нұрбике Қағазбаева Бақыт Боранбайқызының тәрбиелеп кеткен лайықты ізбасары болып саналады. Келесі кезекте сахнаға ерлі-зайыпты Мұрат пен Бақыт марқұмдардың қыздары Динара, Аяулым,күйеу балалары Ерлан, Мұрат шығып, көңілді толқытқан естеліктер айтып, ауыл клубына сымсыз микрофондар сыйлап, әдіскер Нұрбике Қағазбаеваға сый-сияпат жасады. Еске алу кешін жүргізген клубтың мәдени ұйымдастырушысы Дана Темірхановаға да алғыс айтылды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, еске алу кешінде кластастары Жассерік Жәлелұлы, Жақсылық Қабышұлы, әріптестері Сұңғат Көпежанов, Дәулен Мақажанов, Гүлнәр Қадырова, Мейрамгүл Жақсылықова, Ардақ Бозғоева, көршілері Күләш Нұрғалиева, Мейрамгүл Арымбекова, Дания Тұрымтаева жылы лебіздерін білдіріп, өлең оқып, ән айтып, ұсыныстарын жеткізді.
– Бақыт Боранбайқызының ауыл мәдениетінің өрге басуына сіңірген еңбегі зор. «Жігіт сұлтаны», «Тазша бала» сияқты сайыстарда ол дайындаған өнерпаздар бас жүлдені иеленіп жүрді. Өзі де сахнаның гүлі болып, бала күнінен бойына қонған өнерді жетілдіріп, ерекше бітім-болмысымен көрінді. Марқұмның аяулы бейнесін есте қалдыру мақсатында ауыл клубында жыл сайын Бақыт Рыспекова атындағы ән сайысын өткізуді ұсынамын, – деген Ардақ Бозғоеваның сөзі жиналған қауым тарапынан қызу қолдау тапты.
Аталмыш ұсынысқа риза болған балалары сайысқа демеушілік жасауға әзір екендіктерін айтып, «Атамұра» мәдениет орталығының басшылығы мен Ақкөл ауылдық клубының ұжымы 2026 жылдың іс-жоспарына сөз болып отырған шараны енгізуге бәтуаласты.
Ж. Жәлелұлы








