Қалалық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы лаңкестікке осал нысандардағы күзет қызметі туралы брифинг өтіп, тақырыпты Екібастұз қаласы полиция басқармасының экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі, полиция майоры Төлеген Жангуттинов тарқатты.
– Қазақстан Республикасының заңнамалары лаңкестікке осал нысандардың барлығын антитеррорлық қорғаныс шараларын орындауға міндеттейді. Бұл мәселедегі маңызды талаптардың бірі – нысандар күзетінің күзет қызметін жүргізу құқығына ие лицензияланған ұйымдар тарапынан қамтамасыз етілуі. Яғни, лаңкестікке осал нысандарды күзететін кез келген ұйымда мемлекеттік лицензия болуы керек. Сонда ғана ол ұйым физикалық қорғау, қолжетімділікті бақылау, патрульдеуді және техникалық қауіпсіздік құралдарын пайдалану құқына ие болады, – дейді Төлеген Еділұлы.
Аға жедел уәкілдің айтуынша, лаңкестікке осал нысандар тәуекелділігі жоғары санатқа жатады, сондықтан олардың қауіпсіздігін заңды негізде әрекет ететін кәсіби даярланған қызметкерлер жүргізуге тиіс.
Ал лицензияға ие күзет ұйымдары нысан ғимараты мен периметрінің күзетіне, қолжетімділігін бақылауға, видеобақылау және дабыл жүйесімен қамтамасыз етуге, келушілер мен персоналды қорғауға, ықтимал қауіптерге ықпал етуге жауапкершілік алады. Келісімшартта міндетті түрде лицензия туралы деректер, қызмет тізбесі және тараптардың жауапкершілік аймағы көрсетіледі.
– Атап өтерлік жайт, мемлекеттік органдар лаңкестікке осал нысандар күзетінің заңнама талаптарына сайкестігіне көз жеткізу үшін тұрақты түрде тексерістер жүргізіп отырады. Бұл – азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесінің маңызды бөлігі, – деп қорытты спикер сөзін.
Ж.ЖАПАРОВА







