«Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде өткен қала әкімінің есеп беру кездесуіне №№25, 26, 27, 28, 29, 30, 31, 32 шағынаудандардың тұрғындары жиналды.
Кездесуде сөз алған қала тұрғыны Марал Каракесекова жол қауіпсіздігіне байланысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, «Шанхай» ауданындағы Бұқар жырау көшесі мен Қазақстанская көшесінің қиылысында көлік қозғалысы қарқынды. Аталған аумақта бір ғана жасанды жол кедергісі орнатылған, алайда бұл жеткіліксіз.
– Бұл көшеде көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді, жол-көлік оқиғалары да жиі орын алады. Ал тұрғындардың басым бөлігі – жаяу жүргіншілер мен велосипед тебетін балалар. Сондықтан Қазақстанская және Бұқар жырау көшелерінің қиылысына қосымша жасанды жол кедергісін орнату қажет, – деді ол.
Сонымен қатар ол аталған аумақта жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың жоқтығын айтып, бұл, әсіресе, қарт адамдар үшін қиындық туғызатынын жеткізді. Қазіргі таңда тұрғындар жол жиегімен, көлік қозғалысына жақын жүруге мәжбүр екенін атап өтті.
Аталған мәселелерге қала әкімі Аян Бейсекин тротуар салуды қажет ететін аумақтардың қала бойынша жеткілікті екенін айтты. Соңғы жылдары шамамен 25 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынғанын атап өткен қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
– Аталған учаске келесі жылы қарастырылады. Жалпы, тротуар салу мәселесі жоспарлы түрде шешіледі, – деді қала әкімі.
Ал жасанды жол кедергілерін орнату мәселесіне тоқталған қала басшысы барлық ұсынысқа бір жақты жауап беру мүмкін еместігін атап өтті. Оның сөзінше, қала аумағында жасанды жол кедергілерінің саны көп, тіпті олар орнатылмауы тиіс кең әрі көпжолақты көшелерде де кездеседі. Осыған байланысты жол қозғалысын реттеуде неғұрлым заманауи әрі тиімді тәсілдерге көшу көзделіп отыр.
Ділназ СЕРІКБАЙ







