2025 жылдың 29 желтоқсанында Екібастұз қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХІХ сессиясы болып өтті. Сессияда шаһардың дизайн-кодын бекіту туралы мәселе қаралды. Бұл туралы қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы
Қ.Сүлейменов хабарлама жасады.
Екібастұздың дизайн-коды – қала ішін безендірудің бірыңғай қағидаларын қалыптастыратын нормативтік құжат. Ондағы мақсат – қаланың әрбір элементі, яғни, ғимараттың қасбетінен бастап, көшедегі орындыққа дейін біртұтас логикаға сай үйлесімді, заманауи әрі жайлы орта жасау. Халық қалаулылары дизайн-кодты бірауыздан мақұлдаған соң, Екібастұз қаласын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспары талқыланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаеваның айтуынша, жоспар 3 бағыт, 8 негізгі ұлттық индикатор, 8 мақсатты индикатор және 132 шараны қамтиды. Жаңа жоспарға енген бағыттар мен іс-шараларды жүзеге асыру экономиканы алға бастырып, халықтың әл-ауқатын жақсартады.
Мәслихат депутаттары жаңа жоспарды құптап, бекіткеннен кейін қала әкімі Аян Бейсекин өкілетті биліктің 2025 жылы жемісті жұмыс істегенін атап өттті. Осыдан соң кезектен тыс сессия жұмысына қатысқан сенатор Алтынбек Нұхұлы сөз алып, Екібастұз қаласының жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа – 2026 жылда да табысқа жетуге тілектестік білдірді.
Ж.Жәлелұлы






