Екібастұз қаласы әкімдігінде кеңейтілген отырыс өтіп, онда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған іс-шаралардың қорытындылары мен 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралды. Жиын барысында экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев және қаладағы орта арнаулы оқу орындарының директорлары баяндама жасады.
Есепті кезеңнің 11 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі жоспардан асып, 100,4 пайызды құрады. Салтанат Қорабаеваның мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда тартылған инвестициялар көлемі 65,7 пайызға артқан. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 7 пайызға өсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 8,4 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 8,6 пайыздық өсім тіркелсе, бөлшек сауда айналымы 3,8 пайызға ұлғайған.
– Өнеркәсіп саласында жалпы жағдай тұрақты. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 101 пайызға жуықтайды деп күтіліп отыр. Энергиямен жабдықтау саласындағы өсім МАЭС-1 кәсіпорнының жоспардан тыс өнім өндіруі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл МАЭС-2-дегі өндірістік жүктеменің қайта бөлінуіне байланысты қалыптасқан айырмашылықтың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіштер өткен жылғы деңгейде сақталуда. Бұған «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-нің өндірістік нәтижелері, сондай-ақ, Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында мыс концентратын өндіру көлемі кіреді. Ал көмір өндіру көлемі «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Восточный» кенішінде артты. Дөңгелек пен ферроқорытпа өндірісінің ұлғаюы – «Проммашкомплект», «EkibastuzFerroAlloys» және «Kazferro Limited» серіктестіктерінің нәтижелі жұмысының көрсеткіші, – деді экономика және қаржы бөлімінің басшысы.
Өнеркәсіп саласының тұрақты жұмысы инвестициялық белсенділіктің артуына да оң ықпал етуде. 2025 жылдың 11 айында қала экономикасына 394 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 45 пайызы электрмен жабдықтау саласына, 22 пайызы тау-кен өнеркәсібіне, 17,6 пайызы өңдеу секторына бағытталған.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда да оң үрдіс байқалады. Есепті кезеңде жоспарланған қаржыландырудың 77 пайызы игеріліп, пайдаланылмаған қалдық 35,1 млрд теңгені құрады.
– Қараша айында жоспарланған 9 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі ғана игерілді. Осыған байланысты 7,1 млрд теңгеге қайта есептеу жүргізілді. Бірқатар құрылыс кәсіпорындарының атқарған жұмыстар көлемін уақытылы көрсетпеуі профильдік бөлім тарапынан үйлестіру жұмыстарының жеткіліксіз екенін аңғартады. Жыл соңына дейін жоспарланған 123 млрд теңгені толық игеру үшін мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, бақылауды арттыру қажет, – деп атап өтті Салтанат Қорабаева.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындылары да кеңінен сөз болды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, жыл ішінде еңбек және патриоттық тәрбиеге бағытталған 400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 46 мыңнан астам тұрғын қамтылған.
– Білім беру ұйымдарында 160-тан астам кәсіптік бағдар беру іс-шарасы мен 40-тан астам өндірістік экскурсия ұйымдастырылды. Колледждерде өткен «Ашық есік күндеріне» 9–11 сыныптардың 800 оқушысы қатысты. Техникалық үйірмелерге 2,5 мыңнан астам бала тартылып, 3 мыңнан аса оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалды. Отбасылық және кәсіптік бағдар беру жобалары жүзеге асырылып, колледждер мен жұмыс берушілердің қатысуымен 28 мамандықтар жәрмеңкесі өтті. «Ел баласы» жобасы аясында оқушылар 25-тен астам мекемеде болды. Сонымен қатар, қазан айында Екібастұзда «Халық Қаһармандары» мен Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысқан республикалық форум ұйымдастырылды. Жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында қала құраушы кәсіпорындармен меморандумға қол қойылып, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы ақпараттық кездесулер өткізілді, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар жыл бойы тұрғындарды кеңінен қамтыған ақпараттық жұмыс жүйелі жүргізілгені атап өтілді. Әлеуметтік желілерде бейнематериалдар жарияланып, теледидар мен радио арқылы ақпарат таратылды. 2025 жылы 14 брифинг өткізіліп, 96 мақала жарық көрді, 71 бейнесюжет дайындалды. Арнайы айдарлар мен тақырыптық жарияланымдар да іске қосылды.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыс қаладағы орта арнаулы оқу орындарында да белсенді жүргізілді. Колледж директорлары мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар санының артқанын, сондай-ақ, кәсіпорындардың сұранысына сай жаңа жұмысшы мамандықтары бойынша топтардың ашылғанын атап өтті. Бұл қала кәсіпорындары мен оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Отырысты қорытындылаған қала әкімі Аян Бейсекин Екібастұздың экономиканың негізгі салалары бойынша тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы рекордтық инвестициялар көлемі өсімнің басты қозғаушы күші болып отыр.
– Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылған шаралар еңбеккерлер мәртебесін арттырып қана қоймай, қала құраушы кәсіпорындарды алдағы жылдарға қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар, Екібастұз өңірінің Павлодар облысы құрылымындағы және жалпы республика экономикасындағы орны айрықша. Жыл соңына дейін қойылған міндеттер толық көлемде орындалуы тиіс. Алдағы басым бағыттардың қатарында МАЭС-3 құрылысы бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыруға дайындық, екі жел электр стансасын салу және металлургия саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру бар. Қол жеткізілген нәтижелер таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетіп отыр, ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету, – деді қала басшысы.
Ділназ Серікбай
Қала тұрақты дамуда






