Қала әкімі Аян Бейсекиннің кезекті есеп беру кездесуі «Railways Systems KZ» ЖШС-інде өтті. Әдеттегідей сұрақ-жауап форматында өткен жиынға кәсіпорын жұмысшылары қатысып, өздері тұратын шағынаудандардағы проблемаларды ортаға салды.
Бүгінде интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат алмасудан бастап жұмыс, білім алу, әлеуметтік желілер, онлайн қызметтер – бәрі-бәрі интернет арқылы жүзеге асады. Осы орайда «Жоғары жылдамдықтағы интернет желісі қашан келеді?» деген сұраққа қала басшысы Аян Уахитұлы бұл мәселенің 2029 жылға дейін жоспарланған Жалпыұлттық жоспар аясында қарастырылатынын айтты. Жұмысты тездету үшін операторлармен келіссөздер жүргізіледі.
«Қонаев көшесінде қар тазалау, жазда су себу жұмыстары жүргізілсе», – деген А.Анисимовтың сөзіне жауап ретінде қала әкімі көше тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізіп, жауапты органдарға қосымша тапсырма берді.
31-шағынауданда тұратын Р.Ахметовті жылу орталығы мұржасынан қара түтін шығып, 22, 31-шағынаударды күл басатыны ойландырып жүр. Өкінішке қарай, жылу орталығының фильтрлері ақсап тұр. Бұл өңірдің экологиялық жағдайына әсер етеді.
– Жылу апаты кезінде ең бірінші көздеген мақсат тұрғын үйлердегі жылуды қалпына келтіру болған еді. Алдағы жылы мониторинг жүйесін құру үшін бюджеттен 300 млн. теңге қарастырып отырмыз. «Самұрық Энерго» АҚ есебінен фильтрді заманауи стандартқа жеткізуді көздеп отырмыз, – деп жауап берді А.Бейсекин.
Кейінгі күндері аяз қатайып тұр. Осындай суықта үйсіз-күйсіз жүргендердің тағдырына алаңдаған Сергей Анатольевичті арнайы орталықтың қалай жұмыс істейтіні, ол мекемеге қалай хабарласуға болатыны қызықтырады.
– Әлеуметтік орталықта бүгінде 41 адам тұрып жатыр. Ол жерде азаматтарға медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі, – деген қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева аталған орталықтың мекенжайы мен телефон нөмірін тауып берді.
Жұмысшыларды баспана кезегіне тұрудың жаңа тәртібі де қызықтырды. Олар осы отырыста «Пәтер кезегінде тұрғандарды қалай бақылауға болады?», «Жаңа жылда не өзгереді?» деген сұрақтарына жауап іздеді.
Пәтер кезегіне тұрған азаматтар үшін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі қолжетімді. Ақпараттық жүйе orken.otbasybank.kz порталында орналасқан. Аталған платформада тұрғын үйге мұқтаж жандар өтініш беріп, кезекке тұра алады. Ол үшін ЭЦҚ пайдалана отырып сайтқа тіркелу қажет. Азаматтар кезектің өзгеру барысы туралы ақпаратты да осы порталдан бақылай алады.
Кездесу барысында «Шахтер» саябағына қатысты «Саябақ қашан іске қосылады?», «Саябақта аттракциондар бола ма?» – деген сұраушылар болды.
«Шахтер» саябағында, әуелде жоспарланғандай, аттракцион болмайды. Онда концерттер өткізуге арналған сахналар, спорт және балалар ойын алаңдары, т.б. орналастырылады. Қазіргі таңда саябақта жерасты жұмыстары аяқталды. Жоспарға сәйкес, келесі жылдың тамыз айында саябақ қолданысқа беріледі.
Б.Момышұлы, 99-үйде қараша айында соққан қатты желден кірпіштер құлап түсіпті. Сол үйде тұратын кәсіпорын жұмысшысы үйді қалпына келтіруге көмек сұрады. Аян Бейсекиннің тапсырмасымен аталған үйді ТЖ мамандары тексеретін болды. Егер үй апатты жағдайда деп танылса, белгіленген тәртіпке сай шара қолданылады. Ал тұрғындардың өміріне қауіп төнбеген болса, пәтер иелерінің келісісімен тұрғын үйді қайта жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуге болады.
Виталий Муханцев Қонаев көшесіне тротуар салу мәселесін көтерді. Қала басшысы көшелерді жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары жасалғанын, Қонаев, Абай, Энергетиктер секілді бірнеше көшенің күрделі жөндеуден өткізіліп, тротуар, көгалдандыру шаралары толық қарастырылатынын айтып қуантты. Бұл – алдағы 2 жылға жоспарланған жұмыс. Әзірге инженерлік тораптар қалпына келтірілуі тиіс. Бұдан басқа, шағын көшелер де назардан тыс қалмайды. Көше жолдарын асфальттауға кәріздік жұмыстар кедергі келтіріп тұр.
Кездесуде жұмысшылардың бағдаршам, аялдама, спорт алаңдары, қоғамдық көлік, жарықтандыру мәселелеріне қатысты проблемалары шешімін тапты. Қала әкімі алдағы жылдың жоспарын таныстырып, инвестиция тартуға қатысты қуанышты жаңалықтарын бөлісті.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







